|
28.07.2021 | 20:09
3962

Алматыда веложолақтар 2,5 есеге ұзарады

«Орбита» шағын ауданынан Көк базарға дейін айналмалы үзіліссіз велобағыт жасалды

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасы барысында қалалықтардың сұрақтарына жауап беріп, велосипед инфрақұрылымын дамыту жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.


Қалада 77,2 км велосипед инфрақұрылымы абаттандырылды, оның 21,5 км веложолақтар, 55,6 км велосипед жолдары. «Орбита» шағын ауданынан Көк базарға дейін айналмалы үзіліссіз велобағыт жасалды.

Жол қозғалысына қатысушыларды қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында велосипед жолдарын жүріс бөлігінен ажырататын 2 мыңнан астам жол блокаторлары орнатылды.

Қазіргі кезде Алматы қалалық Мобилділік басқармасы «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың велосипед пен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту Стратегиясын әзірлеуде.

Стратегияның басты мақсаты – халықтың микромобилділігі мен салауатты өмір салтын насихаттау, баламалы көлік түрлеріне қолайлы жағдайлар жасау, экологиялық таза көлік түрлеріне көшу, тыныш және қосымша аймақтарды қамтитын велосипед желілерін қосу.

Қала тұрғындарының өтініштері бойынша Стратегияға балалар мен жасөспірімдерге велосипедпен көше бойымен қауіпсіз қозғалуды үйрету енгізілді.

Стратегияны іске асыру аясында 2030 жылға дейін 185 км-ден астам велосипед инфрақұрылымын абаттандыру және оның ұзындығын 2,5 есеге, яғни 262,8 км-ге дейін арттыру жоспарланған. 2024 жылы - 190,9 км-ге дейін, 2026 жылы - 223,6 км-ге дейін, 2030 жылы - 262,8 км-ге дейін.

Айта кетерлігі, Almaty Bike велотізбегі модернизациядан өтіп жатыр. Велосипед паркі 1760 велосипедтен және 187 бекеттен тұрады. 480 велосипедке күрделі жөндеу жүргізілді, олар желіге шығарылды. 7 тамызға дейін қосымша 250 велосипедті жөндеу жоспарланған.  

Осы жылы жүйеде қолданушыларға қызмет көрсету үшін жаңа AlmatyBike мобильді қосымшасы мен CRM жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл қолданушыларға онлайн режимінде AlmatyBike-те тіркелуге және сату бөлімдеріне бару қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді.

Жүйеге 50 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Шамамен 2,9 миллион сапар жасалды және 6 миллион км-ден астам жол жүрілді. 2021 жылдың бірінші жартысында 342 мың сапар жасалып, 685 мың км жүріп өтілді.

Bólisý