Мемлекеттің қаржысы мен ұшағын жеке бастарына пайдалаған. Парамен ұсталған «Қазәуеқұтқару» АҚ мен «Қазәуеорманқорғау» кәсіпорындары басшыларының тойымсыз әрекеті сотта әшкере болды. Аталған екі ірі мекеменің басшысы Мәлік Досымбеков пен Төлеуғазы Сексенбаев Қытай компаниясының өкілі Ли Хуаодан «Ми - 171Е» тікұшағын жеткізу туралы келісімге қол қою үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара сұраған. Биылғы жылдың маусымында күдіктілер парамен қолға түскені мәлім. Прокурор Аян Ақбердиевтің айтуынша, олар тек пара алып қана қоймай, жалған жұмысшылар арқылы да ай сайын қалталарына қомақты қаржы алып отырған. Тек жалған ұшқыш арқылы мемлекеттің 7,8 миллион теңгесін тонаған. Прокурордың айтуынша, «Қазәуеқұтқару» компаниясының басшысы Төлеуғазы Сексенбаев орманды бақылауға бөлінген тікұшақтармен алыстағы демалыс орындарына барып, туыстары мен таныстарын тасуға пайдаланған.
«Қазәуеорманқорғау» РМКК директоры Сексенбаевтың үйін тазалайтын аула сыпырушы қағаз жүзінде Жамбыл аваитобының десант-өрт сөндірушісі ретінде жұмысқа алынған. Жалақысы 42650 теңге болған. Бірақ іс жүзінде ол жұмыс істемеген. Аула сыпырушы Рязанцев 2016 жылдың наурызынан мамырына дейін 224 мың 473 теңге жалақы және 66 мың теңге сыйақы алған. Осылайша Сексенбаев ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлімімен қызметін пайдалана отырып өзіне сеніп тапсырылған мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылды.