Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясында Макаров тапаншасының 10 данасы жоғалды. Бұл деректі ресми уәкіл растап, қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Уатсап әлеуметтік желісінде тарап кеткен мына бағыттамада оқиғаның мән-жайы жіті жазылған. Мұнда қарулардың тиісті нормаларға сай сақталмағаны және тапаншалардың саны жетіспегенін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясында 6-шы мамырда анықтағаны жазылған. Қазірге дейін тапаншалар табылмаған. Аталған факт бойынша тергеу амалдары басталып, тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы Ішкі Істер Министрлігінің департамент басшысы Алмас Садубаев ресми мәлімдеме жасады. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Баспасөз бөлімі ұялы телефон арқылы растады.