Алматыда «Open Almaty» порталы іске қосылды. Ол қаладағы түйткілді мәселелерді оңай шешуге жәрдемдеседі. Сайтқа күнделікті өмірде жиі кездесетін сауалдарды қоюға мүмкіндік бар. Сондай-ақ онда әлеуметтік тұрғын үй алу, жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем туралы да ақпарат бар. Порталға күнделікті өмірде кездесетін түйткілді сауалдардың жауабы тіркеліп отырады. Тіпті халық сол мәселелерді шешуге қатысты өз ұсыныстарын қалдыра алады. Әзірге жоба пилоттық негізде жұмыс істеп тұр. «Open Almaty» - Smart City концепциясы аясында жүзеге асқан. Сайтты жасағандар бұдан былай тиісті құжаттардың регламенті халықтың сұранысына қарай жасалуы тиіс деп отыр. Порталдың іске қосылуы екі кезеңнен тұрады. Енді әкімдікте қоғамдық қабылдау ашу жоспарланған. Ол бір ғимарат астына инвесторларға қызмет көрсететін орталық туристік және әкімдіктің колл-орталығының басын біріктіреді.
«11 мамыр күні пилоттық жоба ретінде «Open Almaty» порталын аштық. Оны қала тұрғындары мен қонақтары да қолданатын болады. Дегенмен, ең басты назар кәсіпкерлердің жағдайын жақсартуға аударылып отыр. Бұдан былай олар түйткілді мәселелерін оңай шешеді. Бұл ресурс бір жағынан әкімдікке шешімін таппаған жағдайларды анықтауға көмектеседі», - деді «Алматы қаласын дамыту орталығы» AҚ басқарма төрайымы Жанна ТӨЛЕГЕНОВА.
Сондай-ақ салық комитеті мен кәсіпкерлер палатасы бизнесмендермен бірнеше мәселелерді талқылады. Алматылық кәсіпкерлер жасырмастан жемқорлықтың жиі орын алатындығын мәлімдеген. Тіпті берілетін ауызбастырықтың да көлемін жайып салыпты. Оны кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жасалатын «Іскерлік ахуал» зерттеуі аясында анықтап отыр. Көп жағдайда пара беруге кәсіпкерлердің 44 пайызы өздері келісетін көрінеді. Ал 56 пайызында мемлекеттік қызметкерлер ұйымдастырушы болады. Белгілі болғандай, кәсіпкерлер салық қызметіне шамамен 64 мың теңге, экономикалық зерттеуге 467 мың теңгеге жуық пара береді.
«Енді бизнестің аухалдылығына байланысты, қандай әсерге келетініне байланысты. Мысалы, біздің жемқорлыққа байланысты аналитикамыз болды. Осы анализге байланысты әлеуметтік зерттеулер жүрген кезде біздің кәсіпкерлер, мысалы, Жер басқармасына байланысты 74 мың теңге пара береді екен. ГАСК-қа 247 мың теңге пара береді екен», - деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН.