«Жылағанына қарамады». Есілде ағайынды жігіттер бөлесіне жауыздық жасаған

«Жылағанына қарамады». Есілде ағайынды жігіттер бөлесіне жауыздық жасаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында туған бөлесін өлтіріп кеткендер сотталды.

Ақмола облысының Есіл ауданында туған бөлесін аяусыз өлтірген екі ағайындыға сот үкім кесті. 30 жастағы Абылай Шыңғысовты қасақана өлтірді деп айыпталған топтың ішінде болған 3 жігіт те жазасын алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қапаров Айболдың ҚР Қылмыстық кодексінің 99-шы бабының 3-ші тармағына  сәйкес, қасақана кісі өлтіргені дәлелденіп, сот оны 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесті», — деді судья Арлан Қосжанов. 

Асаба жігітті өлтірді деп айыпталған Айбол Қапаров жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның туған інісі Айбек Қапаровтың бір жылға бас бостандығынан айырылып, қолына сотта кісен салынды.

Бұл ағайынды екеу өздерінің қолынан мерт болған Абылай Шыңғысовтың туған бөлелері екен. Түнделетіп келіп, марқұмның үйінде ойран салғандардың арасында тағы ауылдас 3 жігіт болған. Олардың әрқайсысына 1 жылға шартты түрде үкім кесілді. Естеріңізге сала кетейік, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында Красивое ауылында болған-ды. Оқиғаға өзі куәгер болған ана соттың мұндай шешімімен мүлдем келіспеймін деп отыр. 

«Бәрі бостандықта жүрді. Ешкім ештеңе істеген жоқ. Бірге келген. Бірге өлтірді. Мен куәмін. Кішкентай баланың көзінше, жылап-сықтағанына қараған жоқ. Ешқандай аяушылық болмады. Әрі қарай жазамын», — деді марқұмның анасы Зәуреш Шыңғысова.



Новости партнеров