Көрпеде қан болған: Өзіне қол салды делінген әйелдің туыстары шу шығарды

Көрпеде қан болған: Өзіне қол салды делінген әйелдің туыстары шу шығарды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тергеуге көңілі толмаған марқұмның туыстары әділдік талап етті

Алматыда өз-өзіне қол жұмсады делінген әйелдің туыстары қылмыстың ашылатын түрі жоқ деп шу шығарды. Қалалық полиция департаментінің алдына жиналған Сайрангүл Лайысқызының жақындары тәртіп сақшыларының сылбырлығына шағымданды.

«Тергеушілер ешқандай жұмыс істемеген. Отырған үйіндегі көрпеде қан болған. Соның барлығы ашылмай жатыр. Ашылса ары қарай іс оңға басар еді. Қалалық департаменттен көмек сұрап отырмыз. Мақсатымыз – істі ары қарай жолдап, жоғарыға жеткізу», — дейді марқұмның туысы Табыс Тәбәракұлы.   

Еске салсақ, осыдан екі апта бұрын Сайрангүл Лайысқызы ауруханада көз жұмған еді. Ес-түссіз бір ай комада жатқан келіншектің денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері де болған. Кейін суицидке итермелеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Марқұмның туыстары өлімге күйеубалаларын кінәлап, тиісті жазасын алуын талап еткен-ді. Ал тәртіп сақшылары оқиғаның жіті тексерілмей жатқанына сот-медициналық сараптаманың дайын болмауы себеп дейді. Заң аясында жұмыс істейміз деген құзырлы орын өкілдері марқұмның жақындарына шамалы күтіп, жағдайды ушықтырмауын сұрайды, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасап sputniknews.kz. 

«Сот-медицицналық сараптама қолымызға түспей, қандай да бір процессуалдық әрекетті жүзеге асыру заңсыз болып табылады. Сот-медициналық сараптама бізге ең басты сұрақтарға жауап береді. Біріншіден, өлімнің себеп-салдары белгілі болады. Екіншіден, қылмыстың болу-болмауын анықтаймыз», — деп түсіндірді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.


Новости партнеров