Түркістан облысында бүкіл бір отбасы газдан уланып, көз жұмды. Сарығаш ауданы, Қанағат ауылы тұрғындарының мәйіттері 18 желтоқсанда кешкі сағат 21:05-те табылған. Олар 1960 жылғы отағасы, 1961 жылғы жұбайы және 1989 жылы туылған ұлы болып шыққан.
«Алғашқы мәлімет бойынша табиғи газбен жанатын жылыту қазандығының ақауы салдарынан улы газға уланған. Оның алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері күнделікті жылыту маусымында да үгіт-насихат жүргізіп келеді, әрбір үйге, тұрғынға, азаматқа жылыту маусымында уланудың алдын алу үшін не істеу керегін айтуда. Улы газдың алдын алу үшін бірінші мұржаларды тазалау әр 2-3 ай сайын жүргізілу керек», – дейді Түркістан облыстық ТЖД аға инженері Руслан ОРДАБЕК.
Мереке күндері Шымкент қаласының 36 жастағы тағы бір тұрғыны газдан уланып қайтыс болған. Оқыс жағдай Мақтарал ауданында да орын алыпты. Абырой болғанда, 15 желтоқсанда түтін шыққан үйдің тұрғындары аман қалған. Тек 2003 жылғы қыз бала ауруханаға жеткізіліпті.