Ертеңнен бастап Алматыдағы Жароков көшесіндегі трамвай рельстері алынады. Сондықтан аталмыш көшенің Төле биден Қарасай батыр көшесіне дейінгі аумағы жабылып, көлік қозғалысы тоқтатылады. Қалада жалпы ұзындығы 64 шақырым трамвай рельсі болса, биыл соның 16 шақырымға жуығы бұзылады. Жұмысшылар қазір осы жылға жоспарланған Мақатаев көшесіндегі шойын жолды аршып жатыр. Рельстерді шығару және көшелерге орташа жөндеу жасау жаздың аяғына дейін жалғасатын көрінеді. Сондықтан көшелер де кезекпен жабылады. Айта кетсек, биыл Мақатаев көшесінің Байтұрсыновтан Қонаев көшесіне дейінгі аумағындағы, Жароков көшесінің Өтеповтен Төле биге дейінгі аралығындағы, сондай-ақ Байтұрсынов көшесінің Шевченкодан Мақтаевқа дейінгі тұсындағы рельстер алынады.
«Байтұрсынов көшесіндегі рельстерді шығару осы айдың ортасында басталады. Темірлерді аршу кезінде көшелер кезекпен уақытша жабылып отырады. Сондықтан жүргізушілерден жұмысқа түсіністікпен қарауды сұраймыз. Осы жылы ұзындығы 155 шақырымды құрайтын 157 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Жаздың аяғына дейін жоспарланған жұмыстарды бітіреміз деген ойдамыз», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.