Бүгін, 14 желтоқсан күні түнде қазақстандық KazSTSat микрожерсерігінен ғарышта түсірілген алғашқы сурет алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 4 желтоқсанында Астана уақытымен 00 сағат 32 минутта Калифорниядағы Ванденберг базасынан Falcon 9 Block 5 зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол зымыран-тасығыш орбитаға шағын спутниктер мен кубсаттарды алып шықты. Ұшырылған қазақстандық екі ғарыш аппаратының біреуі - KazSTSAT - салмағы 100 келілік технологиялық маңызды спутник. Шағын спутник SSTL-X50 алаңында құрастырылған. Орбитаның биіктігі - 542 шақырым.
Спутникті 2015 жылдан бастап SSTL (Surrey Satellite Technology Ltd) ағылшын компаниясының базасында «Ғалам» бірлескен компаниясындағы қазақстандық мамандар құрастырған. Қазақстанның екінші ғарыш аппараты - салмағы 5 келілік KazSciSat 1 кубсаты.
Оны «Ғалам» бірлескен компаниясы (LLP Ghalam) құрастырған.
Ғылыми наноспутник Жердің магниттік аумағын өлшеуге арналған. Оңтүстік Америка аумағының үстімен ұшып өткен KazSTSat Аргентинаның оңтүстігіндегі ірі кемежай - Рио-Гранде қаласын суретке түсіріп алған.