|
10.01.2019 | 17:15
1731

Полицейлер автоұрылар мен Денис Теннің төбелесін көрген

Полицейлер автоұрылар мен Денис Теннің төбелесін көрген

Денис Теннің ұрылармен төбелескенін полицейлер өз көзімен көрген. Бірақ «жігіттер ойнап жүр» деп ойлап, оларды ажыратуға асықпапты. Сондықтан қоғамдық тыныштықты қорушылар өз жөндерімен жүре берген. Тек қаскөйлер спортшыны белбеумен сабаған кезде көліктерінен атып шығып, көмекке ұмтылған.

Бүгін мәнерлеп сырғанаушыға жасалған шаубылдың куәгері, яғни қос полицей сот алдында жауап берді. Бірақ сақшылар мінберге шығарда судья тілшілерді сот залынан шығарып жіберді. Белгілі болғандай, құқық қорғау органының қызметкерлері қайғылы оқиға болған аумаққа түскі астарын ішуге барған. Көліктерімен Құрманғазы көшесінің бойымен келе жатып, жолда жүгіріп жүрген үш адамды көрген.

«Үстіне қара футболка киген жігіт Байсейітов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағына жетпей «Тойота» машинасының алдына жүгіріп шығып, қолымен капотқа құлағанын көрдік. Машинаның алдынан ұстанып қалды. Содан кейін Байсейітова көшесінен Құрманғазы көшесінде орналасқан паркке қарай қайтадан жүгіріп кетті. Сол кезде артында жүгіріп келе жатқан ақ футболка киген азиат нәсілді жігіттің оны спорт алаңының жанында қуып жеткенін көрдік. Қуып жеткен кезде қара футболка киген жігіт екеуі бір-біріне қарап ұстасып қалды. Сол кезде біз өтіп бара жаттық та, енді жастар болғаннан кейін ойнап жүрген шығар деп ойладық басында. Белге тағатын белдікке ұқсас затты көтергеннен кейін ғана төбелес болып жатқанын түсіндік. Төбелес екенін біреуінің қолында белдікке ұқсас затпен ұрып жатқанын көргендіктен ғана түсіндік», – деді Алматы қаласы ПД Алмалы ауданы ІІБ кәмелетке толмағандардың ісі бойынша инспекторы Азамат НҰРПЕЙІСОВ.

Тәртіп сақшысы көліктен түсе салып, бұзақыларға қарай жүгіріпті. Бірақ сол сәтте қаскөйлер Денис Тенді пышақтап, қалың ағаш арасына тым-тырақай қашқан. Инспектор оқиға орнына келген жігітке жедел жәрдем шақыруды тапсырып, өзі шабуылдағандардың артынан қуа жөнелген.

Мұндай жауапты естіген марқұмның анасы полицейлерге әбден шүйлікті. Оксана Тен сақшыларды «Жігіттер бір-бірін қуып, жағаларына жармасқанда неге ажыратпадыңдар?» деп сұрақтың астына алды. Сондай-ақ, қансыраған ұлына жедел-жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетудің орнына, қаскөйлердің соңынан түскеніне қынжылды.

Дегенмен, қос полицей «ойыннан от шығатынын ойламадық» дегендей болды. Бұдан бөлек ,бүгін сотталушы үштік жауап беруі тиіс-тін. Алайда, айып тағылғандар дайын еместерін айтып, судьядан ертеңге дейін қосымша уақыт сұрады.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир