Алматыда шатырларды мұздан тазартпаған 38 ПИК басшыларына айыппұл салынды

Алматыда шатырларды мұздан тазартпаған 38 ПИК басшыларына айыппұл салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көпқабатты үйлердің шатырында қатып тұрған мұз сүңгілері жаппай алынып жатыр.

Кеше қаланың қақ ортасында басына кесек мұз құлап, көз жұмған келіншектің оқиғасынан соң коммуналшылар аяқтан тік тұрған. Қауіп төндіріп тұрған сояудай мұздарды арнайы техниканың көмегімен алуда. Қазір қалада суықтың беті қайтып, күн көзі жылынғандықтан төбедегі мұздар өздігімен еріп, құлап жатыр. Соған қарамастан, осыған дейін тырп етпеген пәтер иелері кооперативтерінің барлығы өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып әлек. Техниканың күші жетпеген тұстарын, жұмысшылар өз қолдарымен ретке келтірді. Шатырларға шығып, тоң мұздарды ойып түсіруде.

Соңғы екі аптаның ішінде Алматыда жүгенсіз кеткен 38 Пәтер иелері коперативінің басшылары жазаланып, оларға 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.  

«Кешегі жағдайдан кейін пәтер иелері кооперативтерінің бәрін жинап, жиналыс өткіздік. Осындай оқиғалар, апаттар болуы мүмкін екенін жеткіздік. Сондықтан осындай жағдайға жеткізбеу үшін бүкіл ПИК-ке тапсырма берілді. Шатырлардағы мұздың барлығын алып, қарының барлығын тазалап дұрыс жұмыс істеуге», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат ЖАҚСЫБАЕВ.

Естеріңізге сала кетсек, кеше ғана қалада Пәтер иелері кооперативінің салғырттығы кесірінен жантүршігерлік оқиға болды. Жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан 60 жастағы зейнеткердің төбесіне жиекте тұрған үй шатырынан сүңгі мұз құлап, әйел сол жерде тілге келмей жан тапсырды. Қазір құзырлы орган өкілдері әйелдің өлімін «жазатайым оқиға» ретінде тіркеп, тексеріп жатыр. Ал кесек мұзды уақытында тазаламаған пәтер иелері кооперативінің басшысына 70 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін.  



Новости партнеров