Көлік салығын уақтылы төлемегендерге қарызы жайлы ақпаратты жол полицейлері қолма-қол табыстайтын болады.
Темір тұлпар иелерінен мемлекет алдындағы берешегін өтеудің өзге жолын Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ішкі істер министрлігі қарамағындағы Әкімшілік полиция комитеті жасамақ. Әзірге пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастама тек Астанада жүргізіледі.
Қазақстанда салық төлемейтін тұлғалар саны артқан. Әсіресе, көлік салығынан жалтарғандардың қатары көбейген. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті берешекті өтеудің өзге тәсілін енгізбек. Ведомство бұрынғыдай адамдарды жекелеп іздемей, енді қаржыны ортақ қазынаға салудың жаңа жолын тапқан. Пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастамаға Комитеттен бөлек, Астананың әкімшілігі мен жол полиция өкілдері атсалысатын болады.
«Біздің ведомство берешектер тізімін әкімшілікке жібереді. Егер де көлік иесі жол жүру ережесін бұзса, біз тоқтатып, бірден айыппұлдан бөлек, салық қарызын қараймыз. Бар болса, қолына арнайы қағаз беріп, шығарып саламыз. Демек, жолда біздің мамандар кез келген көлік тізгіндеушіні тоқтатпайды. Бұл шара бір уақытта жолдағы тәртіпті де реттемек», – деді Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының уақытша міндетін атқарушы Арман АЙТЫБЕКОВ.
Елімізде соңғы санақ бойынша 734 мың 59 адам 18,9 миллиард теңге көлемінде көлік салығын өтемеген. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері тың бастаманы жуық арада енгізуге ниетті. Ал тағы бір мәселе – кейде түрлі мекемеден тиісті ақпарат алынбағандықтан, жүргізушілер қарыз сомасын өздері анықтай алмайды екен.
«Хабарламадағы салықты төлеуші 30 күн ішінде төлеуге міндетті. Егер 30 күн төлемесе, біз бұйрық шығарамыз. Бұйрық табысталғаннан кейін борышкерге тағы 5 күн беріледі. Егер осы жалпы санаған 35 күн ішінде төлемесе, біз істі сот орындаушыларына жібереміз», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Берешектермен жұмыс жасау басқармасының басшысы Айнұр ҚҰЛШЫҚОВА.
Пилоттық жоба келесі аптадан бастап тек Астанада ғана жүргізіледі. Егер жоба нәтиже көрсетсе, өзге өңірлерге де енгізіледі. Айта кетейік, астаналықтардың көлік салығы 2,5 миллиард теңгені құрап отыр.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана