Алматыда 60 жастағы әйел шатырдан түскен мұз кесегінен көз жұмды. Оқыс оқиға түскі сағат 13.30 шамасында Бостандық ауданында болған. Бұл ақпаратты Полиция департаменті растады.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша қайтыс болған әйел 1958 жылы туылған. Қазіргі уақытта оның тұлғасы анықталған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Марқұм көрші үйдің тұрғыны екен.
«Өткен аптада төбесінде жиналған мұзын, қарын алдық деп Кәрібаев Қазыбек деген төраға бізге ақпарат берген. Шығатын мүмкіндік болмай, мұз еріп жиналып қалған екен. Мұз құлап, салдарынан осындай қайғылы оқиға орын алып отыр. Қайтыс болған азаматша ол үйдің тұрғыны емес», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі аппаратының Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат ЖАҚСЫБЕКОВ.
Учаскелік инспектор мен Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері қалада қалың түскен қардан кейін бірлесіп рейд те жасаған. Тексеру барысында абаттандыру ережесін сақтамаған 8 пәтер иелері кооператив басшыларына хаттама толтырып, айыппұл салынған.
«ПИК басшыларына полициямен бірлескен рейдтер болады деп айтылады. Өткен аптада 8 ПИК-ке 30 АЕК-тен айыппұл салынды. Алматы қаласын көріктендіру ережелері бар. Соған байланысты шатырдағы мұзды тазалау міндеті ПИК-ке жүктелген», – деді Жанат ЖАҚСЫБЕКОВ.