Алматылықтар мемлекет қайраткері Сағындық Кенжебаевты соңғы сапарға шығарып салды

Алматылықтар мемлекет қайраткері Сағындық Кенжебаевты соңғы сапарға шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін алматылықтар белгілі мемлекет қайраткері, философия ғылымының докторы Сағындық Кенжебаевты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасуға оның туыстары, қызметтестері мен қоғам зиялылары және Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Қала басшысы Елбасының көңіл айту хатын оқып берді. Ел алдындағы абыройының арқасында мемлекеттің дамуына қосқан үлесі Нұрсұлтан Назарбаевтың жедел хатында ерекше аталып өткен.

«Жұртшылық алдындағы зор абырой беделінің арқасында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жемісті қызметі әр жылдары Отанымыздың жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді. Ұзақ та ғибратты ғұмыр кешкен Сағындық Жүнісұлының топырағы торқа, жаны жәннатта болсын! Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті ұстаз өмірінің соңғы жылдарын ағарту ісіне арнаған. Бұдан бөлек, еліміздегі түрлі деңгейдегі жастар ұйымдарына жетекшілік етіп, мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарған.

«Ғасырға жуық өмір сүрген адам ғой. Соғыстан кейінгі жылдарда біздің халқымыздың халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсене қатынасып, сол кезде жастар ұйымын басқарған. Одан кейін үлкен әлеуметтік қызметтер, партиялық қызмет, басқарушы қызметтерде жасаған адам. Өзі өмірінің соңына дейін ұстаздықтан жалықпаған», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ.

«Қоғамдық жұмыспен көп айналысқан кісі. Ол өзінің көзқарасын, елде болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар бәріне белсене қатысып, ой-пікірін ашық айтып жүретін адам болатын. Былай айтқанда, бұл кісімен бір ғасыр, бір өмір кетіп бара жатқан сияқты», – деді саясаттану ғылымының докторы Есенжол АЛИЯРОВ.


Новости партнеров