Алматыда бой көтерген БҰҰ ғимараты қанша қаржыға салынған?

Алматыда бой көтерген БҰҰ ғимараты қанша қаржыға салынған?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күні қарсаңында осы ұйымның Алматыдағы үйі ашылды. Алып аумақты алып жатқан нысан өңірлік өкілдіктердің жұмысына серпін беріп, Қазақстанның беделін арттыруға септігін тигізеді. Жаңа ғимарат Қазақстандағы Біріккен Ұлттар ұйымының дамуына қалай әсер етпек?  

Бұл 9 қабатты жаңа ғимарат – БҰҰ-ның Алматыдағы үйі. Заманауи архитектуралық нысанның жалпы аумағы 28 мың шаршы метрді алып жатыр. Ерекшелігі, нысан екі бөліктен тұрады: біріншісінде БҰҰ-ның өзі орналасатын болса, екінші блокта консулдар мен халықаралық ұйымдар отырады.

Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктері қаладағы ескі кеңселерді жалға алып отырған еді. Бұл олардың жұмысына өз кедергісін келтіретін. Енді пайдалануға берілетін құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықталған жаңа ғимарат ұйымның жұмысын ілгерілетеді деп сенеді мамандар.

«Бұл демалыс аймағында бос уақытта, түскі уақытта демалыс, ойнап, кітап оқуға болады. Мысалы, мына жерде оқуға болады, бұл креслолар арнайы дыбыс өшіретін қабырғалар бар. Мәселен, сіз дауыстап оқысаңыз, бұл қабырғалар адамның дыбысын өзіне тартып алады да, көршіңізге кедергі жасамайсыз. Сондай-ақ, мұндағы бөлмелердің бәрі арнайы қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Әйнектер арнайы поенкамен қосамша қапталған», – деді мердігер компания атқарушы директорының орынбасары Мұрат МҰҚАНОВ.

Нысан толықтай Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттіктерінің жоғары қауіпсіздік талаптарын ескере отырып салынған. Қызметкерлер үшін мұнда тек жұмыс істеп қана қоймай, тынығу үшін де керектің бәрі бар десе болады.

«Бұл ғимаратта спортпен шұғылданамын дейтін адамдарға осындай фитнес залдары және йога залы қарастырылған. Сонымен қатар, әрбір қабатта аналар және балалар бөлмесі бар. Және мүгедек адамдарға барлық ыңғайлы жағдай жасалған», – деді Мұрат МҰҚАНОВ.

Алып ғимараттың әр қабатында 20-ға жуық кеңсе мен 16 келіссөздер жүргізетін зал бар. Ал мынау ең үлкен конференция залы. Мұнда аймақтық және халықаралық деңгейдегі кездесулер өтетін болады.

«Аймақтық Хабтың ғимараты БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы жұмысын ілгерілетуге бағытталған. Нысанның жалпы құны 4 млрд 904 млн теңгені құрайды. Мұнда ұйымның агенттігі және оған қарасты әкімшілік өкілдері жұмыс істейтін болады. Жұмыс тиімділігін арттыру ғимаратта түрлі келіссөздер жүргізуге, көрмелер ұйымдастыруға қолайлы жағдайлар жасалған. Аудармашыларға арналған арнайы бөлмелер де бар», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Саят ҚАРАЛАСОВ.

Саясаттанушылар бұл ғимараттың ашылуы еліміздегі демократиялық қағидалар мен әлеуметтік құндылықтардың артып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің беки түсетініне сенімді.

«Сол сенімділіктің арқасында біз мәдени, білім, әлеуметтік салада алға қадамдар жасадық, үлкен демократиялық даму бағытында жалпы, адам құқықтарының сақталуы, сөз бостандығы сияқты БҰҰ принциптерінің әлде де тереңдей бастағаны байқалады және бұл халықаралық саяси сахнада елімізге деген үлкен сенім білдірілгенін көрсетеді», – деді саясаттанушы Максат ЖАҚАУОВ.

Ғимараттың орналасқан жері де ұтымды. Қаланың іскер ауданында, Ботаника бағы мен «Атакент» көрме орталығына және негізгі магистралдық жолдарға жақын жерде бой көтерген. Жақында кеңседегі соңғы жөндеу жұмыстары аяқталса, Ұйым өкілдері жыл соңына дейін жаңа кеңсеге көшіп келмек.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров