Алматы көшелеріндегі электронды велосипедтердің дөңгелегі қысқы маусымға дайындалып жатыр. Тайғанаққа қарсы қолданатын резиналарды салу халық үшін қыста қауіпсіз болмақ. Қазір станциядағы механиктер қысқы дайындық шараларына қамдану үшін тайғанамайтын резиналарды шұғыл ауыстырып жатыр. Алайда, электронды кілті бар адам кез келген жерден тізгіндеп кете беретін велосипедтерді бүлдіріп, тонап кетушілер де тыйылмай тұр.
Жазғы уақытта қала көшелерінде қаздай тізіліп 1200-дей велосипед халыққа қызмет көрсетеді. Ал қыста олардың саны едәуір қысқарып, мұз бен қарда таймайтын мынадай шегелі дөңгелегі бар жеті жүздей көлік қойылмақ. Қаладағы бір-бірінің арақашықтығы небәрі, 800 метрден аспайын 180-ге жуық стансадағы велосипедтерді жарты сағат сайын ауыстырып тұрсаңыз, ақы төлемей тегін қолдана беру мүмкіндігі де қарастырылған.
Алғашқы қар жауғанда шегелі резина салынған қауіпсіз көлік те көшелерге қойылмақ. Шеге қағылған дөңгелектері бар велосипедті мініске шығару әдісі биыл бірінші рет қолданылмақ. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, аязы аз, ылғалы көп Алматыда қыста да велосипедпен жүретін жандар жеткілікті екен.
«Алматыда велореформа жүргізіліп жатқаны қуантады. Белсенділер кеше ғана Саин көшесінің бойынан да веложол салу ұсынысын айтты. Үлкен Алматы айналма жолы көлік жүргізушілердің игілігі үшін салынып жатыр. Сол секілді, жүріп-тұруға ыңғайлы велосипед жолын да дамыта беру қажет», – деді «Қазақстанның велоқауымдастығы» ҚБ басшысы Думан ҚАПАСОВ.
Қазір қоймадағы көліктердің дөңгелегін жаппай жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қос дөңгелекті әлеуметтік көлік ретінде қолжетімді бағамен қолдану Алматыда үш жыл бұрын жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында француздық 1700 велосипед әкелініпті. Бір жылға 10 мың теңге абономенттік ақы төлеу арқылы тұрақты қолданушы тұрғындардың саны он мың адамға жеткен. Зейнеткерлер мен студенттер жеңілдікпен жүре алады. Бірақ GPS құрылғысы арқылы бақыланатын велосипедті ұрлап кете алмаса да, тонап, бүлдіріп әкеп тастайтын тұрғындар тыйылар емес дейді мекеме басшылары.
«Дөңгелегіне пышақ тығып, жарып, орындығын, жарық шамдарын шешіп алып кету сынды қаскөйлік оқиғалар жиі кездеседі. Ондайда кезекшілік жасайтын қызметкерлер бүлінген велосипедтерді осында әкеліп қайта жасайды. Қала бойынша велотұрақтардың саны 180-ге таяу. Алдағы уақытта стансалардың санын арттырамыз», – деді техникалық директор Алексей ХРОМОЧКИН.
Механиктер тек соңғы бір айда бүлінген 500-ден астам велосипедті қайта жөндедік дейді. Электронды көліктердің стансалары алдағы уақытта «Алматы-1» вокзалы мен «Алматы Арена» жақтағы аумақтарға да орнатылмақ. Ал қаладағы веложолдың жалпы ұзындығы 79 шақырымға жетеді.
Әмірболат Құсайын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы