Маңғыстау облысында департамент басшысы тұтқындалды

Маңғыстау облысында департамент басшысы тұтқындалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарын тұтқындауға сот санкция берді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мәлімдеді.

Жауапты ведомство жариялаған бейнетаспада экс-шенеуніктің ұсталған сәті бейнеленген. Оған 10 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылып отыр. Қомақты соманы күдікті тексеріс кезінде салық көлемін төмен көрсеткені үшін алған болуы мүмкін. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Мұндай деректер мемлекеттік қызмет көрсету салаларында жиі орын алады екен. Қызметкерлер құжаттарды жинау барысында қолдан қиындық туғызып, кәсіпкерлерді пара беруге мәжбүрлейтін көрінеді.  

«Салалар бойынша айтар болсақ, мемлекеттік қызмет көрсетуде ауыл шаруашылығы, азаматтарды тіркеу, білім және ғылым, жер қатынастары мекемелерінде құқықбұзушылықтар орын алады. Олар көбінесе құжаттарды қабылдауда талап етілмеген бөлімдерді, яғни қосымша құжаттарды сұрауы мүмкін. Кейде 5 құжат тапсыру керек болса, төлем туралы түбіртекті ескермей, қызметтерді көрсете берген», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Ильдар ҮЙСІМБАЕВ.

Агенттік осылай пайда ойлап, ісіне салғырт қараған Жамбыл облысы Қордай ауданының қызметкерлерін де әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартыпты. Осы секілді ел көлемінде 124 адам жазаланған. Кей аймақтарда 5 лауазымды тұлғаны жұмыстан босатыпты. Мемлекеттік қызмет көрсетуде талаптарды орындамау бойынша Жамбыл және Ақмола облыстары көш бастап тұр.


Новости партнеров