Азаматтарға өз тұлғасын растау үшін жеке куәлік алып жүрудің қажеті болмайды

Азаматтарға өз тұлғасын растау үшін жеке куәлік алып жүрудің қажеті болмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай ел тұрғындары мемлекеттік қызметтерді саусақ ізі арқылы ала алады. Енді азаматтар өз тұлғасын растау үшін жеке куәлігін алып жүрудің қажеті болмайды. Жаңашылдық әзірге Астана мен Алматы қалаларындағы орталықтарда енгізілген. Елордада пилоттық жобаны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы іске асыра бастады.

Елордадағы Электрондық қызмет орталығын осыдан екі күн бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ашқан. Халыққа қызмет көрсететін жаңа заманауи орталық ЭКСПО аумағында орын тепкен.

«Сіздің биометриялық мәліметтеріңізді мемлекеттік корпорацияның базасына енгізу үшін ең алдымен, дербес деректеріңізді жинап, өңдеуге рұқсатыңызды растайтын типтік пішінді толтыру қажет. Бұдан соң жеке куәлігіңізді ұсынасыз. Сіздің құжатыңызды алып, биометриялық мәліметтерді жинап, өңдеуге арналған планшеттің көмегімен мағлұматтарды базаға енгіземіз. Бұл сіздің саусақ ізіңіз және жүзіңіздің фотосуреті. Фотоға түсіреміз, міне, тұлғаңыз идентификацияланды. Енді саусақ ізіңіз керек. Мінеки, осылайша барлық биометриялық мәліметтеріңізді оп-оңай жинадық», – деп түсіндіріп берді Астанадағы электрондық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дмитрий ХЕГАЙ.

Ал мемлекетік корпорацияның базасына енген биометриялық мағлұматтар арқылы қандай қызмет түрлерін пайдалануға болады? Бұл сұрақтың да жауабын маман егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Сіз өзіңіздің биометриялық мәліметтеріңіздің көмегімен қоғамдық қолжетімділік пунктісі арқылы 44 анықтама түрін ала аласыз. Мәселен, мекенжай анықтаманы алу керек. Бұрындары оны алу үшін СМС арқылы немесе электронды цифрлы қолтаңба арқылы алуға болатын. Қазір тұлғаңызды саусағыңыздың ізі арқылы растай аласыз. Саусағыңызды сканерлеу арқылы жүйе сізді идентификациялайды. Содан соң ұялы телефоныңызға код келеді. Сол кодты енгіземіз. Сонда мекенжай анықтамаңыз шығады. Оны басып шығаруға немесе электрондық поштаңызға жіберуге болады», – деді Дмитрий ХЕГАЙ.

Осылайша бір ғана саусақтың ізімен көптеген мемлекеттік қызмет түріне қол жеткізуге мүмкіндік туып отыр. Айта кету керек, бүгінде жеке басқа қатысты деректерді енгізу әзірге ерікті түрде жүргізілуде. Ал 2021 жылдан бастап қазақстандықтар дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнама аясында өз биометрия мәліметтерін тапсыруға міндеттеледі.

Электрондық қызмет көрсету орталығында азаматтар, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу үшін жүргізуден емтихан тапсыра алады. Бұл үшін мұнда «Digital drive» симуляторы қойылған. Аталған жаттығу құрылғысында шынайы сынақтарда жоқ экстрималды жағдаяттар ұсынылады. Мамандардың айтуынша, бұл симулятор ең алдымен, емтихан тапсырушы мен нұсқаушының қауіпсіздігі үшін қолайлы.

Жаттығу құрылғысының арқасында болашақта автодром мен актопарктерді ұстаудың да қажеті болмайды. Демек, қаржыны үнемдеуге жақсы мүмкіндік дейді мамандар.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік корпорация мобильді қосымшаларды жасап шығарды. Біз мұнда қойылған телефондар мен планшеттер арқылы келушілерге қосымшаларды таныстырамыз. Бүгінгі таңда мобильді қосымшалар арқылы қызметтің 70 түрін алуға болады», – деп тоқталып өтті Дмитрий ХЕГАЙ.

Ал «тренинг рум» арқылы еліміздің кез келген азаматы өзінің цифрлық сауаттылығын арттыра алады. Оқытудың тегін тұрғыда жүргізілетінін атап өткен жөн.

Видеоколлрумда азаматтар еліміздегі мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілеріне өздерін толғандырған мәселені бейне-жолдау арқылы жолдайды. Өтініш 15 күнде қарастырылып, жауап жолдаушының электрондық поштасына келіп түседі.

Сондай-ақ, виртуалды көмекші Айсана сіздің кез келген сауалыңызға жаңылмай жауап береді. Ол бүгінде еліміздің халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін 600-ге жуық қызмет түрі бойынша толық ақпарат беруге сақадай сай. Болашақта орталықтарда тірі операторлардың орнында Айсана сияқты жасанды интеллект үлгілері жүмыс істейтін болады.


Салтанат Нысанбек, Рамазан Бәкенов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров