|
11.12.2018 | 18:53
3346

Алматыда борышкер жүргізушілер жол үстінде көліктерінен айырылып жатыр

Алматыда борышкер жүргізушілер жол үстінде көліктерінен айырылып жатыр

Алматыда борышкерлер мініп жүрген көліктерінен айырылып жатыр. Бүгін мобильдік топ алимент, салық және әкімшілік айыппұлдарды төлемеген жүргізушілерді бейнебақылау камералары арқылы анықтады. Түске дейін берешектерін төлеуден жалтарып, сот шешімін орындамай жүрген 10-нан астам көлік иесі ұсталды. Ал темір тұлпарлары бірден айып тұрағына жеткізілді.

Көлік ішіндегі арнайы камера жолдағы темір тұлпарларды бірінен соң бірін сканерден өткізеді. Мобилді құрылғымен жабдықталған көлік борышы барлардың көліктерін тез-ақ анықтап береді. Бүгін Әділет департаменті мен Полиция департаментінің мамандары бірігіп, жол бойында қарыз жүргізушілерді анықтады.

«Қазір көремін. Шектеуі бар болса, машинасы тұраққа барады. Шектеуі жоқ болса, онда ескертпе жазып беремін. Ол 30 күн ішінде барып төлейді. Төлемесе жеке сот орындаушысы шектеу қояды», – деп түсіндірді полиция қызметкері.

Берешегі белден асқан жүргізушілер үйлеріне жаяу қайтты. Өйткені, сот шешімін орындамай жүргендіктен, темір тұлпарлары айып тұрағына жеткізілді. Мамандар мемлекет алдындағы қарызын өтемей жүргендердің көбі айыппұл жайлы білмейтіндіктерін айтып ақталады дейді.

«Жоқ, айыппұл барын білген жоқпын. Бұл машина менің атымда емес. Менің өзімде айыппұлдарым жоқ. Жұмысқа бара жатқан кезде мені полиция қызметкерлері тоқтатып, көлігіммен жүруге тыйым салынғанын айтты. Машинаны айып тұрағына қойдық. 59 мың теңге айыппұл салынды. Сот орындаушысына 25 пайыз үстеме төлеу керек. Айыппұл шамамен, 85 мың шығады. Одан да айыппұлдардың бәрін бірден төлеген дұрыс шығар», – дейді көлік жүргізушісі Азамат САЛАМАТБЕКОВ.

Араға 10 минут салып, полицейлер тағы бір айыппұлы бар көлік жүргізушісін тоқтатты. Ол да әдеттегідей қарызы барынан хабарсыз екенін айтып, ағынан жарылды. Сөзінше, тек тәртіп сақшылары айтқанда ғана есіне түскен. Ертең бірден төлеймін деп азар да безер болды.

Ал Алматыда 12 мыңнан астам ата-ана алимент төлемей келеді. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұл бойынша 122 мың адамның қарыз сомасы 2 миллиард теңгеге жуықтап қалған. Оның тек 44 мыңы орындалып, үкіметке 700 миллион теңге таяу қаражат қайтарылыпты. Оған әр маусым сайын өтетін «Борышкер» жедел-іздестіру шарасының да тигізген көмегі зор. Айта кетейік, жүргізушілер айыппұлға тоғытылған әр көлік үшін күніне шамамен, 900 теңге төлейді.

«Сот орындаушысының қызметтік ақысы 3 пайыздан 25 пайызға дейін болады. Егер де сома аз болатын болса, 25 пайыз болады. Егер сома көп болса, 3 пайызға дейін түседі. Сол қаулымен келіп машинасын алып кетеді. Біздің уақытша айыппұлға қойған себебіміз, осы уақытқа дейін айыппұлын немесе салығын төлемей жүргендер бар. Кім де кім өзінің айыппұлын төлемесе немесе төленбеген салығы болса, төлеуіңізді сұраймын», – деді Алматы қаласы Әділет департаменті Әкімшілік айыппұл өндіру бөлімінің басшысы Абзал ӘДІЛОВ.

Алматыда күніне шамамен, 2500-дей жүргізуші жол ережесін бұзады. Ал қазір сот шешімімен 300 мыңнан астам көлік иелері борышкерлер есебінде тұр. Олардың темір тұлпарларына шектеу қойылған.


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир