Алматыда көше ортасында жұдырықтасқан көлік жүргізушілері қамауға алынды

Алматыда көше ортасында жұдырықтасқан көлік жүргізушілері қамауға алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жолды бөлісе алмай, көшенің қақ ортасында жанжалдасқан көлік жүргізушілері сотталды. Қоғамдық жерде жұдырықтасып, бір-бірін балағаттағаны үшін олар 10 тәулікке дейін тар қапаста отырады. Бұған дейін суық қару ұстады деп айыпталып, қылмыстық іс қозғалған екеудің жазасы неге жеңілдеді?

Тас жолды бөлісе алмай, бір-бірімен жанжалдасқан көлік жүргізушілерінің ессіз әрекетін көрсететін бұл видео өткен аптада әлеуметтік желіде пайда болған еді. Онда Райымбек даңғылымен батыс бағытқа бет алған жүргізушілердің ерегісіп, тіпті, бір-біріне суық қару кезенгені анық көрінген. Желі қолданушыларын ұлардай шулатқан осы оқиғадан соң, көп ұзамай полицейлер тас жолда тайраңдаған екеуді қолға түсірді.

«Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Мән-жайларды тексере отырып, бұл азаматтардың қаруланбағанына көз жеткізгеннен кейін, олардың әрекеті ұсақ бұзақылық болып сараланды. Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша бүгін іс-материалдары сотқа жөнелтілді», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қоғамдық жерде бүлік шығарып, бүгін сотқа келген қос жүргізуші де сабасына түскен. Олар судьяның алдында оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Белгілі болғандай, ерегескен екеудің қолындағы суық қару емес екен. Олар бір-бірін аэрозольды құрылғымен үркітіпті. Өз жолымен келе жатқан «Мерседес» автокөлігінің иесі Думан Сұлтанәлиевті «Ниссанды» тізгіндеген жүргізуші қыспаққа алған. Бірақ соған қарамастан, бұл оқиғада Сұлтанәлиев кінәлі болып шыққан. Өйткені, ол жүйкесіне тиген жүргізушіні балағаттап, аэрозольді тапанша кезеніпті.

Дегенмен, сот қос жүргізушінің де бұл әрекетін жақтаған жоқ. Жазаны екеуіне бірдей кесті. Аэрозольды тапанша кезенген Сұлтанәлиев 7 тәулікке қамауға алынса, жәбірленуші болған келесі жүргізуші 9 күнін тар қапаста өткізетін болды.

«Сот қаулы етті! Сұрамысов Абылайхан Асылбекұлын ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлімімен айыпты деп танып, осы бап бойынша ол 9 тәулік жазаға тартылсын. Әкімшілік қамау мерзімі 2018 жылдың 23 қазанынан басталады», – деді Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Айым ШАЯХМЕТОВА.

Жол бөлісе алмай жанжалдасып, желі қолданушыларына танымал болған жүргізушілер өз кінәларын толық мойындады. Бұдан былай екеуі де қызбалыққа салынбай, тәртіпке бағынатындарын айтты. Судьядан жалбарына кешірім сұрап, қамауға алмауын өтінді. Дегенмен, сот оларға жол ережесін естеріне түсіріп, тәртіптерін түзету үшін қамау қажет деп тапты.


Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров