Астанадағы 4 мектеп азық-түлік жеткізетін кәсіпорындармен келісімшарттарын бұзып отыр. Бұған білім ордалардың басшылары аталған компаниялар жұмысын сапасыз орындағандықтан барған. Ал Білім басқармасының өкілдері келер жылдан бастап әр жеткізуші кәсіпорынға талаптар күшейтілетінін мәлімдеді. Мәселен, оқушыларға ас әзірлейтін бөлмелерде міндетті түрде бейнебақылау камералары орнатылатын болады.
№69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни Жүнісова – былтыр құрылған бракеражды комиссияның төрайымы. Айтуынша, ата-аналар мен медициналық қызметкерлер кірген бұл топ білім ордасына азық-түлік жеткізетін кәсіпорынға ескертуді бірнеше мәрте жасаған. Алайда, аталған компания бракеражды комиссияның айтқанына құлақ аспаған. Сондықтан мектеп жетекшілігі онымен жасасқан келісімшартты бұзып отыр.
«Аталған кәсіпорынмен сәуір айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Соңғы кездері ыстық тамақты әзірлеуде санитарлық талаптарды орындамады. Оның үстіне, ас мәзіріне кіретін тағам салмағы нормасына жеткізілмеген. Осыны бірнеше мәрте айттық. Бастапқыда түзеткендей кейіп танытты. Бірақ кейін ескертулерімізді орындамады», – деді Астана қаласы №69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни ЖҮНІСОВА.
Ал қалалық Білім басқармасындағылар бұл азық-түлік жеткізушілерімен келісімшарт тоқтатқан жалғыз мектеп емесін айтады. Белгілі болғаны, елордада тағы үш білім ошағы осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Ведомство өкілдері келер жылдан бастап тағам жеткізетін кәсіпорындарға талаптар күшейтілетінін жеткізді.
«Біріншісі, мектеп асханаларына бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Бұл тағамның қалай әзірленіп жатқанын, қалай сақталып жатқанын бақылауға алуға мүмкіндік береді. Оның барлығы мектептерде онлайн режимде көрсетілуі тиіс», – деді Астана қалалық Білім басқармасы басшының орынбасары Дулат ЖЕКЕБАЕВ.
Азық-түлік жеткізетіндерге қойылатын екінші талап – қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін енгізу. Мамандардың айтуынша, бұл ең алдымен, оқушының уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Екіншіден, гигиеналық жағынан тиімді. Бұдан бөлек, аталған жүйе Кіріс департаменті үшін де қолайлы болмақ.
Анықталғандай, қараша айынан бастап астаналық мектептерде «ақшасыз есеп айырысу» бойынша қанатты жоба іске қосылған. Оның нәтижесі желтоқсанның орта шенінде белгілі болмақ. Ал оқушылар үшін ас мәзірінің жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Шараға ата-аналар қауымы да белсене қатысуда.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана