|
26.10.2018 | 19:45
2231

Әр ата-ана оқушылардың ас мәзірін күн сайын қадағалай алады – басқарма басшысы (сұхбат)

Әр ата-ана оқушылардың ас мәзірін күн сайын қадағалай алады – басқарма басшысы (сұхбат)

Жыл басынан бері Астанада төрт мектеп ашылған, соңына дейін тағы біреуі іске қосылады. Осылайша жергілікті білім басқармасы Елбасының үш ауысымдық оқу тәсілін жою керек деген тапсырмасын орындап жатыр. Шенеуніктер оқу ордасындағы балалар қауіпсіздігі мен тозығы жеткен орта мектептерді реттеуді қолға алған. Елордада оқушылардың тамақтануы мен өзге де жаңалықтарды Астана қаласының Білім беру басқармасының басшысы Әнуар ЖАНҒОЗИН «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында баяндап берді.

– Әнуар Қанатұлы, бізді мазалайтын бірінші мәселе – ас мәзірі. Осы күні Білім басқармасы осы мәселені шешу үшін мектептерге қандай талаптар қоюда?

– Тамақтану мәселелерін шешу мақсатында біріншіден, бүкіл білім беру мекемелерінде бракераждық комиссия бар. Олардың құрамына мектеп басшылығы, медицина қызметкерлері және де ата-аналар кіреді. Сондықтан әр ата-ана қажет болса, комиссия құрамына кіріп, тамақтану мәселесін апта, ай, керек болса, күн сайын қадағалай алады. Біз үшін тағы бір өте маңызды нәрсе –эксперттік топ. Ведомствоаралық эксперттік топ құрылған. Сол топтың ішінде білім, денсаулық басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері тағы басқа органдардың өкілдері қатысады. Олардың арасында міндетті түрде ата-аналар да болады. Осы топ бізбен бірге жаңартылған жаңартылған ас мәзірін жасайтын болады. Содан кейін екі-үш нұсқа болатын болса, міндетті түрде оқушылармен талқылаймыз. Олардың пікірін сұраймыз.

– Мектеп, балабақшалардағы бала қауіпсіздігі туралы айтып өтсеңіз. Соңғы жылдары келеңсіз жайттар жиі орын алып жатыр. Балалар қауіпсіздігін қамтасыз ету үшін қандай шаралар қолданылады? Алдағы уақытта Білім басқармасы қандай жаңашылдықтар енгізеді?

– Барлық білім беру мекемлері қауіпсіздік нормаларына сай. Камералармен қамтамасыз етілген. Дегенмен, кейбір камералар заманауи цифрлық талаптарға сай келмейді. Бізде бірыңғай қауіпсіздік орталығы бар. Міне, осы орталыққа кейбір камераларды қоса алмаймыз. Осы мәселені шешу үшін қазір талдау жасап, кейбір камераларды ауыстырамыз. Сонымен қатар, оқу кабинеттеріне, ойын бөлмелеріне қосымша камералар қоямыз. Алдағы екі жыл ішінде бүкіл мекемелер қамтамасыз етіледі.

– Елбасы өзінің қазан Жолдауында мектеп құрылысы, үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу керек екенін айтқан болатын. Осы және тозығы жеткен мектептер жолын реттеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Үш ауысымдық мектептердің өткен оқу жылындағы жалпы саны – 11 болған. Биыл тек бесеуі қалды. Себебі, биыл 4 мектепті іске қостық. Тағы бір мектепті осы жылдың аяғына дейін бітіреміз. Жеті мектеп және 6 қосымша жапсаржай салынып жатыр. Келесі жылы бітеді деп ойлаймыз. Сондықтан келесі оқу жылында үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен шешіледі.

– Әнуар Қанатұлы, нақты әрі қажетті ақпаратыңызға рақмет!


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир