24 жастағы алматылық режиссер «Бала» атты фильмімен көрерменді таңғалдырды

24 жастағы алматылық режиссер «Бала» атты фильмімен көрерменді таңғалдырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық режиссер Қанат Бейсекеев «Бала» атты фильмімен көрерменді таңғалдырды. 24 жастағы жігіт өзінің деректі фильмін америкалықтар асырап алған қаракөз қазақ балаларына арнаған. Мұндай туынды түсіру туралы ой 2013 жылы американдықтарға Қазақстаннан бала асырап алуға тыйым салынғанда келіпті. Режиссер кейіпкерлерін іздеу үшін АҚШ-тың шығысынан батысына дейін аралап, түсірілім жұмыстарына 1 жылын жұмсаған.

40 минуттық бұл туындыда кішкентай кездерінде америкалықтар асырап алған қазақстандық жетім балалар туралы көрсетіледі. Режиссер фильмді түсіру үшін 1 жыл уақытын сарп етіпті. Американың әр қиырын аралап, 11 баланың тағдырын түсірген. Алайда, туындыға тек сегізінің бастан кешкенін арқау еткен. Қанат кейіпкерлерінің ешбірін ойдан шығармаған. Барлығының да бастан кешкені бәз қалпында жеткізіліпті.

«Олар туғаннан өздерінің асыранды балалар екенін біледі. Олардың түрлері басқа. Не еуропалықтарға, не америкалықтарға ұқсамайды. Ал, америкалықтар асырап алған балаларына мұның заңды құбылыс екенін айтып, шындықты кейіннен айтады. Сондықтан, менің де фильмді түсіруге көп уақытым кетті. Балалардың маған үйренгенін, оларға тек дос қана емес, бауыр екенін білгенін күттім», - деді фильм режиссері Қанат БЕЙСЕКЕЕВ.

«Бала» фильмін Қанат бір өзі жалғыз камерамен түсіріпті. Ол басты мақсатым - қоғамға пайдалы, ой салар туынды түсіру болды дейді. Режиссер фильмді жалғыз түсіргенмен, қол ұшын беріп көмектескендер көп болған. Қайырымды жандар жобаның жарыққа шығуы үшін ақша жіберіп қолдаса, ендігілері режиссерді үйлеріне паналатыпты.  

«Мен үшін Америка мен Қазақстан арасындағы көпір болу маңызды болды. Мен ондағы қазақстандық балаларға еліміз туралы айтып бердім. Музыка тыңдатып, мәдениетімен қолдан келгенше таныстырдым. Фильмді бірнеше рет монтаждадым. Тіпті Қазақстанда монтаждамадым, Берлинге, Мәскеуге және Киевке іс сапарға кеткенімде монтаждадым. Өйткені, мені фильмді жасау кезінде ешкімнің алаңдатқанын қаламадым», - деді фильм  режиссері Қанат БЕЙСЕКЕЕВ.

Режиссер бұл туындысын әлемдік деңгейдегі, әрі өз шығармашылығындағы ең үздігі деп бағалайды. Деректі фильм көптеген көрерменмен қауышып, көңілдерінен шығатынына сенімді. Туынды авторы «Бала» фильмінен соң Қазақстанда жетімдер үйіндегі балалардың саны азаярына сенімді. Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам бала жетімдер үйінде өз ата-аналарын күтуде. Ал, 1999 жылдан бастап 8 мыңнан астам бүлдіршін өздеріне жаңа отбасын Америкадан тауыпты.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров