Қытай аумағында болған дүмпу біздің елде де сезілді

Қытай аумағында болған дүмпу біздің елде де сезілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытай аумағында болған дүмпу біздің елде де сезілді. Тербеліс толқыны Алматы және Өскемен қаласына дейін жеткен. Ал афтершоктар әлі де қайталануда. Осы ретте, төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарға қандай кеңес беріп жатыр?

Зілзаладан зәрезап болған тұрғындар тербеліс кезінде үйлеріндегі жиһаздардың  қалай шатқаяқтағанын таспаға түсіріп, бірінен соң бірі әлеуметтік желілерге осылай жариялап жатты. Сілкіністен сескенсе де, дені далаға шығуға асықпапты. Әліптің артын баққан.        

Зілзала ошағы Алматыдан 485 шақырым аумақта орналасқан. Жер асты дүмпуі таңғы сағат 5 жарымда тіркелген. Қуаты 4 балға жуықтапты. Талдықорған және Жаркентте де осындай дүмпу болған. Ал, Қарағанды және Өскеменде сәл зілзаланың қуаты бәсеңдеу - 2 баллға жеткен.

«Өскеменде 2 балл болды. Үржар ауданында 3-4 балл. Зардап шеккендер мен қирандылар жоқ. Көбіне көпқабатты үйде тұратындар сезген. Атап айтқанда, 8 қабатта тұратындар. Төтенше жағдай қызметі тербелістен соң, жедел ресми сайтта ақапарат жариялады. Сондықтан халықта дүрлігу болған жоқ», - деді ШҚО ТЖД баспасөз хашысы Анастасия СКЛЯР.

«Алматы қаласы тұрғындарын дүрліктірмей сирена қоспадық. Сонымен қатар, ақпараттық агенттіктің парақшаларына жаңағы өткен жер сілкінісі туралы ақпаратты біз тараттық, ілдік, ілуге тырыстық. Одан басқа ұялы операторларға ұялы телефон арқылы ақпарат біздің тұрғындарға таратылды. Оның барлығы қала тұрғындарын паникаға ендірмеу үшін осындай істер атқарылды», - деді ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Қауіпті дабыл соғылмағандықтан, Алматыдағы мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандарда жағдай қалыпты болған. Сондықтан дәрігерлер де ауруханада емделіп жатқан науқастардың ешбірін тысқа шығарып, әуреге салынбапты.  

«Негізі, төтенше жағдайда бізде оған жоспар құрылған. Жоспарды алдымен төтенше жағдайға байланысты департамент мамандарымен талқылап, жоспарды бекітіп, тиісті жұмыстарды жоспарлап қойғанбыз», - деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат АБДУЛЛАЕВ.

Сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматы қаласында жылына 260-қа дейін жер сілкінісі тіркеледі екен. Яғни, бір жарым күнде бір жер дүмпуі болады  деген сөз. Оның барлығы бірдей сезіле бермейді. Дегенмен мамандар тұрғындарға қауіпті чемоданды дайындап қоюға шақырады. Себебі апат айтып келмейді. Оны болжау қиын.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров