Алматыдағы онкологиялық орталықта дәрігерлер науқастарды ескі жабдықпен емдеуге мәжбүр

Алматыдағы онкологиялық орталықта дәрігерлер науқастарды ескі жабдықпен емдеуге мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы онкологиялық орталыққа көмек қажет! Дәрігерлер қазір тері обырына шалдыққан науқастарды ескі жабдықпен емдеуге мәжбүр. Тынбай істеп тұрған құрылғыға 50 жылдан астам уақыт өткен. Ал 2008 жылы шамамен 170 млн теңгеге сатып алынған жабдық істен шығып қалыпты. Оны жөндеуге 38 млн теңгеден астам қаржы қажет.

47 жастағы Елена Ульянованың қазіргі жағдайы қалыпты. Осыдан 2 жыл бұрын аты жаман кеселге шалдығып, төсек тартып қалған еді. Терінің қатерлі ісігі оның миына шауып кету қаупі болған. Асқынған дертін емдету үшін келіншек тіпті Ресей мен Израильге дейін барыпты. Бірақ ауруы одан сайын асқынып, дертіне ем қонбады. Науқастың айтуынша, барлығы бетіне кішігірім дүмпішік шыққаннан басталыпты. Маусым айында отаға жатып, жаңа құрылғының арқасында аман қалып отыр.

«Израильге емделуге бір рет барғанның өзінде 1 млн теңге ақшам кетті. Бірақ содан шипа болмады. Еліміздің медицинасы дамымаған деуші едім. Қателескен екенмін. Дертіме ем қонып, осында маусым айында ота жасадым. Қазір ем қабылдап жатырмын», - деді науқас Елена УЛЬЯНОВА.

Бұл Алматыдағы онкологиялық орталыққа әкелінген жаңа құрылғы. Тері обырын теңдесі жоқ электрохимия әдісі арқылы емдейді. Оның көмегімен, бүгінде өмірден үмітін үзген науқастар емделіп жатыр екен. Сондықтан дәрігерлер оған шаң тигізбестен аса ұқыптылықпен қолданып жүр.

«Қазақстанда ондай аппарат жоқ. Жаңа изотоптармен ісікті өлтіреді. Ол тек Батыс Еуропада бар», - деді «Алматы онкологиялық орталығы» МКК бас дәрігері Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ.

Ал тері обырын сәулелік ренгтен арқылы емдейтін мына құрылғыға 50 жылдан асқан. Емдеуде нәтижесін жоғалтпағанымен, науқастар оған көп кезек күтеді. Өйткені, ол осы бағытта ем жүргізетін орталықтағы жалғыз жабдық. Осыған дейін сатып алынған заманауи құрылғы бұзылып, жұмыс істемей қоймада тұр.  

«Өкінішке орай, бізде 1969 жылғы аппарат тұр. Кеңес кезінде қойылған. Советтің аппаратты жақсы шығарғаны соншама. Емдеу нәтижесі өте жоғары. Жылына ол аппараттан 7000 мың адам емделіп шығады. Мынау тері ісіктерімен. Ол аппарат 170 млн теңге тұрады. 38 млн-ға құрал-саймандарын ауыстырамыз. Сол кезде Англиядағы жаңа аппарат «Gulmay» бізде болады», - деді «Алматы онкологиялық орталығы» МКК бас дәрігері Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ.

Дәрігерлер бір ғана Алматыда 22 мың адамның обырға шалдыққанын айтады. Сондықтан оларды емдеу үшін жаңа жабдықтар қажет екен. Ал медиктерге мұндай аппарат алуға әлі мемлекеттен қаржы қарастырылмаған. Жағдай ушыға берсе, өмірі қыл үстінде тұрған мыңдаған науқасқа араша түсуге мүмкіндік болмайды.    

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров