Алматылық дәрігерлер Универсиада кезінде шетел азаматын өлімнен арашалап қалды. Дүбірлі доданы трансляциялауға келген италияндық азамат инсульт алған. Дәрігерлердің жедел медициналық көмек көрсетуінің арқасында шетелдік қонақтың денсаулығы қазір қалыпты жағдайда.
Италияндық азамат Универсиада ойындарын өз елінде көрсету үшін Алматыға арнайы келген инженер. Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өткізілген жарыстарды түсіру барысында Лино Уатсонның жағдайы күрт нашарлапты. Медеу мұз айдынында оған жедел медициналық көмек көрсетіліп, 4-ші клиникалық ауруханаға жеткізілген. Қазір науқастың жағдайы жақсы және дәрігерлердің жіті бақылауында.
«Науқас 4-ші ақпан күні жедел ми қан айналымының бұзылуына байланысты осы ауруханаға жеткізілді. Диагностиканың нәтижесінде жедел ми қан айналуының бұзылуы дәлелденді. Диагностикалық әдістердің нәтижесінде... Сонымен науқас реанимацияға жатқызылды. Жедел түрде ем ұйымдастырудың арқасында ол науқастың қазіргі жағдайы жақсы»,- деді Алматы қаласы, №4 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, Роза ЖҮСІПОВА.
Лино Уатсо, өз сөзінде, бұрын ешқандай неврологиялық, қан айналым жүйесі ауруларымен ауырып көрмегенін айтады. Оның ойынша, бұл күйге күйзелістің кесірінен және тауда жүріп үйренбегендіктен ұшыраған. Бізге сұхбат беру барысында ол дәрігерлерге алғысын айтып, жағдайының жақсы екендігін, қызмет көрсету сапасының жоғары екендігін жасырмады.
«Бұрын мұндай науқасқа шалдығып көрмеген екенмін. Қазақстандық дәрігерлерге алғысым шексіз. Сол уақытта, сол жерде маған медициналық көмек көрсетілмегенде ары қарай қалай боларын елестете алмаймын. Мамандардың кәсіби біліктілігіне тәнті болдым. Жансақтау бөлімінен ақылы бөлімге ауыстырылдым. Жуық арада өз еліме қайтатынымды естідім»,- деді Телеинженер (Италия), Лино УАТСО.
Алматыда өткен Универсиада ойындарында жарақат алған спортшылар мен делегаттардың барлығына тиісті көмек көрсетіліпті. 4-ші қалалық клиникалық аурухананың өзіне дүбірлі дода барысында 31 науқас жедел жәрдеммен жеткізілген. Оның үшеуі дәрігерлердің жіті бақылауына алынса, қалған 28-не амбулаториялық емдеу тағайындылыпты. Айта кетейік, 28-ші қысқы Универсиада ойындарына шет тілін меңгерген медициналық қызметкерлер арнайы дайындалған болатын.
Азамат Әуезхан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы