|
14.09.2018 | 17:36
7831

90 жыл бұрын түсірілген «Түрксіб» фильмінің өңделген нұсқасы көрерменге жол тартты

90 жыл бұрын түсірілген «Түрксіб» фильмінің өңделген нұсқасы көрерменге жол тартты

Алматылықтарға қала күні қарсаңында тосынсый жасалды. Лондондықтарды тамсандырған «Түрксіб» деректі фильмі ашық аспан астында көрсетілді. 90 жылдық тарихы бар туындыны «Камерата Қазақстан» оркестрі ерекшелей түсті. 80 минуттық көркем дүние осымен 4-ші рет көрерменге жол тартып отыр.  

90 жылдық тарихы бар фильм қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі және Түркістан – Сібір теміржолы магистралінің тарихы туралы сыр шертеді. Аталған көркем дүние дыбыссыз түсірілген. Сондықтан оған танымал сазгер Қуат Шілдебаев арнайы саундтрек жасаған.

Алматыда көрсетілім алғаш рет ашық аспан астында өтті. Оны тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Жобаны «Камерата Қазақстан» оркестрі жандандыра түсті. Жиналған көрермен фильмді басынан аяғына дейін бір деммен көріп, документалистика жауһарынан рухани ләззат алды.

«Фильмді көріп шыққанда, ата-бабамызға тағы бір бас иіп, тағзым жасайсың. Себебі, олар сусыз шөлде, түйе, жылқыны көлік ретінде пайдаланып, мақта тасымалдап, елімізді дамыту үшін барын салды. Осы тарихи туынды арқылы сол уақытқа түскендей боласың. Ал музыкалық аспаптардың сүйемелдеуі арқылы тіпті ерекше әсер етеді», – деп көрермендер разылықтарын білдірісті.

«Мен кадрдегі барлық тұлғаға үңіліп қараймын. Олардың арасында туған-туыстарымды көріп қалатындай әсерге бөленемін. Бұл өте құнды хроника. Туынды тамаша, фильм маған өте ұнайды. Музыканы шексіз тыңдай беруге болады», – дейді тағы бір көрермен.

«Түрксіб» деректі фильмінде қазақ даласының бір ғасырға жуық бұрынғы келбеті бар. Бұл тарихи туындының негізінде Орталық Азия мен Сібірді біріктірген магистраль жатыр. Оның режиссері Виктор Турин.

«Қуат Шілдебаев фильмге жан бітірді. Музыка 78 минуттық туындыны көркемдей түсті. Оркестрде халық музыканттары да бар. Бастысы, техникалық дыбыс бар», – дейді жоба авторы Наргиз ШӨКЕНОВА.

Осыдан бірнеше ай бұрын Ұлыбритания жұртшылығына көрсетіліп келген тарихи еңбек «Кино өнерінің жауһары» деген баға алды.

Айта кету керек, британиялық Кино институты картинаның әрбір кадрын жаңартып, жобаға үлкен үлес қосқан.


Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир