Алматылықтар жаппай жылудан қағылып жатыр. Жауаптылар ыстық суға берешегі барлардың құбырларын бітеп, оларға айыппұл салуда. Қазір қала бойынша 40 мың адамның қарызы бары анықталды. Олардың берешек көлемі 2 млрд 300 млн теңгеге жуықтайды. Мобильді топ өкілдері тұрғындардың дені қарыздарын өтеуге асықпайды, дейді. Тіпті, үйлеріне жуытпай, қыр көрсетеді екен.
Қазір қаладағы әр ауданда 4 мобильді топтан жұмыс істеп жатыр. Олар күніне кемінде 30 үйді жылудан ажыратуда. Борышкерлермен күрес алдағы қазан айына дейін жалғасады.
«Қазір қала бойынша 4 мыңнан аса пәтерді ыстық судан ажыраттық. Бір ғана Бостандық ауданындағы үйлердің жылуға қарызы 2 млн 780 мың теңгеден асқан. Тиісті шара қолданымыз», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС баспасөз хатшысы Наталья ИНКИНА.