2016 жылы Алматы қаласында жалақыларын уақытылы ала алмай жүрген жұмысшылардың қарыз сомасы 1 миллиард 700 миллионды құраған. Жұмыскерлер құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында жүзеге асқан «Уақытылы жалақы» ұзақ мерзімді әлеуметтік жобасы аясында қарыз сомасы 315 миллион теңгеге дейін төмендетілген. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы мәлімдеп отыр. Жоба 2016 жылдың қараша айында іске асып, оған Алматы қаласының Әділет департаменті, Жеке сот орындаушылар палатасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар жұмылдырылған. Өткен жылы 600 жұмыскер пайдасына 654 млн теңге жалақы өндіріліпті. Оның ішінде 120 млн теңге прокурорлық ықпал ету шарасымен орындалған. Одан өзге, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын өрескел бұзған 11 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Алматы қаласы прокуратурасына және басқа да мемлекеттік органдарға мыңдаған адам өз еңбек ақыларын уақытылы ала алмай жүрміз деген арыздарымен шағымдануда. Бұл мәселе өзекті болғанымен, өткен жылдың қараша айында Алматы қаласы прокурорының бастамасымен әлеуметтік жоба әзірленді. Уақытылы жалақы деп аталды. Оның аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2016 жылы осы жалақы бойынша қарыз сомасы бізде 1 миллиард 700 миллион болған. Осы қаржы сомасы 81 пайызға төмендетілді. Қазір 300 миллион теңге көлемінде жалақының қаржысы осындай болып тұр. 600 жұмыскерге 654 миллион теңге жалақы өндірілді. Бұл осы әлеуметтік жобаның жемісі. Аталған жұмыстар жалғасады»,- деді Алматы қаласы прокуратурасы төртінші басқармасының прокуроры, Мадияр ҚҰДИЯРБЕК.