Алматы метросына жарылғыш зат қойылды деп, полицейлерді аяғынан тік тұрғызған Сарқанд ауданың 9 жасар тұрғыны болып шықты. Жасөспірім бұл қылмысқа бұзақылық ниетпен барған. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазір ойнап жүріп от басқан өскіннің ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып кетті. Ол терроризм актісі жайлы жалған хабар бергені үшін жаза арқалауы мүмкін.
«Аталмыш әрекетке жаза мөлшері едәуір күшейтілген болатын. Бұрын 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, қазіргі таңда бұл мерзім 6 жылға дейін созылды. Кәмелет жасқа толмаған адамның іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда бағаны тергеу бере жатар және де оның кінә дәрежесін анықтайтын болады. Ата-анасына суыт хабарды тексеруге жұмсалған қаржы-қаражатты, шығын мөлшерін өтеу сот арқылы көзделуі мүмкін», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Еске салайық, Алматының төтенше жағдайлар қызметіне белгісіз біреу қоңырау шалып, метрода жарылғыш заттың қойылғанын айтқан. Бұл хабарламадан соң қаланың 500-ге тарта жедел қызмет өкілі өре түрегелді. Олар метроның барлық бекеттерінен шұғыл түрде 2000-нан астам жолаушыны қауіпсіз жерге көшірген. Жер асты көлігін тоқтатып, маңайды қоршап, түнгі сағат 11-ге дейін тінту жұмыстарын жүргізді. Алайда, метрода жарылғыш зат табылмай, хабарлама жалған болып шықты.