Алматыда 2000-ға жуық жұмыскердің еңбек құқығы бұзылған

Алматыда 2000-ға жуық жұмыскердің еңбек құқығы бұзылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері 2000-ға жуық жұмыскердің еңбек құқығы бұзылған. Оның қатарында заңсыз жұмыстан шығару мен еңбекақыны уақытылы төлемеу де бар. Мемлекеттік инспекторлар еңбекақыларын ала алмай зар илегендерге жалпы соммасы 284 млн теңге болатын берешекті қайтарып берген. Сондықтан, мамандар осындай жағдайға тап болса, халықты қол қусырып қарамасын деп отыр.

Алматылық Бейбарыс Бердашев еңбек инспекциясына басшысының атына арыз жазуға келіпті. Өйткені, өзі қызмет еткен медициналық орталық оны еш себепсіз жұмыстан шығарып жіберген. Айтуынша, мекеменің былығы бастан асады. Жұмыстан босатып қана қоймай, 3 жылдық өтілі бар Бейбарысты  ресми түрде орталыққа қызметке алмағаны белгілі болды. Ал дәрігер одан бейхабар. Яғни, жұмысқа қабылдар алдында тиісті құжаттарды өткізгенмен, 1 жыл бойы шотына зейнетақы аударылмапты. Мұндай берекетсіздікке шыдамаған ол заңгер жалдап, жұмыстан айырған басшыны жазаламақ. Ендігі талабы әділеттілікті орнатып, сүйікті жұмысына қайта оралу.  

«Мен жұмыста істеп жүрген кезде мені сонда ешқандай себепсіз жұмыс орнынан босатты.  Оның себебін мен кейін білдім. Өз адамын алған ғой өз туысын. Ал ол менің құқығымды бұзып тұр. Ешқандай пенсионный начисление, оны 3-4 күннен кейін ЦОН арқылы білдім. Сол үшін мен арыз жаздым»,- Қала тұрғыны, Бейбарыс БЕРДАШЕВ.

Бір ғана Алматыда жыл басынан бері Бейбарыс секілді 2000-ға жуық адамның еңбек шартында заң бұзушылықтар орын алған. Осыған байланысты, мемлекеттік еңбек инспекторлары 434 тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 1508 адамның еңбек құқықтарын қорғапты. Жалпы көлемі 284 млн теңгені құрайтын еңбек ақы қарыздары өтелініп алынды. Ал еңбек инспекция және көші-қон басқармасына жалақыны уақытылы алмаудан басқа жұмыстан заңсыз шығарып жіберу, еңбек қауіпсіздігін сақтамау, мен жұмыскерді заңсыз тәртіпке тарту секілді мәселелермен де көптеген арыз-шағымдар түседі.

«Оның барлығы еңбек инспекторлары уақытылы қарап, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғап жатыр. Тексерулер нәтижелері бойынша қазіргі таңда 168 заңды тұлғаның үстінен әкімшілік іс қозғалынып, 32 млн теңгеден астам айыппұлдар салынды. Тексерулер нәтижесінде егер жұмыс берушілер жұмыскерге қатысты еңбек заңнамаларын бұзатын болса, оның ішінде мысалы уақытылы еңбек ақыларын төлемесе, ол үшін әкімшілік-құқық бұзушылық кодекске сәйкес жұмыс берушіге айыппұл салынады»,- деді Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы басшысының орынбасары, Алмат ҚАЛДЫБАЕВ.

Ал айыппұлдардың көлемі қомақты. Шағын бизнес нысанына 60, орташаға 80, ал ірі кәсіпорынға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салынады. Егер құқық бұзушылық 1 жылдың ішінде тағы да қайталатын болса, ол 2 еселенеді. 6 күзетшіні жарты жыл зар илеткен мына компанияның өкілдері жұмысшылар арыз жазған соң ғана еңбекақыларын төлепті. Қарыздары 1 млн теңгеге жеткен.

«Генеральный директорға да айттық. Директорға да айттық. Уақытысында. Звондап айтамыз. Тоқтаңдар, тоқтаңдар, күтіңдер деді. Біз күттік. Жағдайына қарадық. Біздің де бала-шағамыз бар. Кредитіміз бар. Квартплата төлеу керек. Олардың барлығын төлеу керек»,- деді Күзетші, Әлдибек АЙБОСЫН.

«Біз әріптестермен жұмыс істейміз. Яғни, фирмаларға, мекемелерді күзетеміз. Солар ақымызды кешіктіріп төледі. Сондықтан, жұмысшалыр алдында берешек болып қалдық. Арыз түсіре сала бірден қарызды өтедік. Мердігер компанияларға да бұлай қайталамауларын сұрадық»,- деді Күзет фирмасы директорының орынбасары, Виктор РЫБКО.

Мамандар халықтың басым бөлігі еңбек заңнамасы бұзылды деп негізсіз мазалайтын да көрінеді.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров