Алматыда 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының алауы тұтанды

Алматыда 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының алауы тұтанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының алауы тұтанды. Эстафета алауы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде басталды. Алматы әкімі Бауыржан Байбек эстафета алауын бірінші бастап, одан кейін Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинге табыстады. Байрақты бәсекенің алауын спортшылардан басқа, қоғам және өнер қайраткерлері қала көшелерімен алып жүріп, салтанатты шара Республика сарайының алдында аяқталды. Шарада сөз сөйлеген қала әкімі Қазақстан құрамасына жеңіс тілеп, халықаралық жарыстың маңыздылығына тоқталды. 

«Универсиада ойындары бұл тек студент жастардың сайысы ғана емес, бұл әлем халықтарының достық пейілі мен көтеріңкі көңіл-күйінің жарқын көрінісі. Дүниежүзілік спорттағы ауқымды дода Елбасымыздың қолдауымен қасиетті қазақ жерінде, Алматы қаласында тұңғыш рет өтіп отыр. Универсиада алауын тұтату рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, оған жүзден астам жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Астанадағы Назарбаев университетінде алауды Елбасының өзі тұтатты. Елімізде мыңнан астам адам оны алып жүру құрметіне ие болды. Міне, Универсиада алауы Алматының төріне келіп жетті. Қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. 

Айта кетейік, Универсиада алауы еліміздің барлық өңірінде жағылып, біртіндеп Алматыға жеткізілген болатын. Барлық шырағдандар бір арнаға тоғысып, салтанатты түрде үлкен тостағанда лаулады.

Новости партнеров