Алматыда бес мыңға жуық жаңа электр бағандары мен екі жүз заманауи электр тораптары орнатылады. Қазақстан электр компаниясы хабарлағандай, қаладағы көптеген желілер әбден ескірген, жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан аулалардағы, көше бойындағы және тұрғын үй кешендеріндегі тозығы жеткен мың электр тұстамасын жаңа электронды торапқа ауыстырды. Жұмыс барысын қала басшылығы мұқият бақылауға алып, түнде кезекті рейд шарасын өткізді.
Тексерушілер тобы Алатау ауданындағы үлкен мұз айдынын бетке алды. Универсиаданың маңызды нысанының аумағы не себепті тиісті дәрежеде жарықтандырылмағаны көңілге күдік ұялатты. Бұл мәселенің жауабын қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтың алдында Қазақстан жарық компаниясының бас инженеріне түсіндіріп беруге тура келді. Десе де, нысанның не себепті қараңғылық құрсауында қалғаны жайлы жарытып жауап бере алмаған маманға әкім орынбасары Момышұлы көшесінің жарық мәселесін дереу ретке келтіруді тапсырды.
Одан кейін кезек Шаңырақ-2, Саялы, Ұлжан және Байбесік ықшам аудандарына келді. Бұл аумақтарға апаратын Солтүстік айналым жолындағы жарық бір жанып, бір сөніп жұртты әбігерге салады. Бас инженер оның себебін жуықта болған көлік апатымен, соның салдарынан жарық бағанының қирауымен байланыстырды. Ерлан Әукенов олқылықты уақтылы жоюды аудан әкімшілігі өкілдеріне жүктеді.
«Бұл жерде жарықтың болуына сіздер тікелей жауаптысыздар, оны қалай жасайсыздар, сіздердің мәселелеріңіз. Тұрғындарға да жауап беруге міндеттісіздер. Осы айдың 12-сі күні бұл аумақ түгел жарықтандырылатын болсын, егер орындалмаса тиісті шаралар қолданамыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.
Ал, Жетісу ауданына қарасты «Айнабұлақ-2» шағын ауданындағы жолдарға жарық түсіп тұр. Бірақ үй аулалары тас қараңғы. Электр желілерін басқарушы компания мамандарының айтуынша, жарықтандыру жүйесі сапасыз қондырылған. Бағандардағы тоқтар жиі еріп, шамдар тез жанып кетеді, дейді.
«Жарық жүйесі бағандарының ішіне шамдардың жанып кетпеуін қамтамасыз ететін арнайы құрылғылар орнату қажетпіз. Мұндағы желілер сапасыз орналасқан, қатты тоқ келгенде жанып кетеді. Сондықтан шамдарды жиі ауыстырып, бақылап отыру қажетпіз», - деді «Алматы қала жарық» компаниясының бас инженері Сағындық НАРУЗБАЕВ.
Жұмыс тобы жарық жүйесін тексеріп, Медеу ауданына да ат басын бұрды. Мұндағы бір учаскеде ескі электр торабы жаңаланыпты. Электрондық жабдықтар энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрі жаңа желіге автоматты түрде қосылып, апаттық жағдайларда диспетчерге ескертпе дабыл жолдайды.
«Желтоқсанға дейін қаланы жарықтандыру мәселесін шешіп, толық электр тораптарына көшуді жоспарлап отырмыз. Жаңа қондырғыларға көшкенде жарық жүйесін бір орталықтан басқарамыз. Әрі ескі шамдарды диодты шамдарға ауыстырамыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.
Қазір Алматының сегіз ауданында мыңнан астам жаңа электр торабы орнатылған, ал, жыл соңына дейін тағы екі жүзін ауыстыру көзделуде. Сондай-ақ ескі ағаш бағандар бұзылып, олардың орнына темір берік баған орнату қолға алынуда. Электр мамандары бұл шаралар қаланың жарық мәселесін толық шешеді деп сендірді. Ал, әкім орынбасары тез арада қателіктерді жойып, тұрғындарға қолайсыздық тудырмай, қаланы жарықтандыру жұмыстарын тез аяқтауды тапсырды.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы