Алматыда полицейлер дәл үйінің алдынан ұрланған 30 жастағы кәсіпкерді құтқарды. Арнайы операция Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдардың бірінде жүргізілген. Қалалық Ішкі істер департаментінің мәліметінше, ер адамды ұрлап әкеткен 1987 жылғы азамат ұсталды. Қаскөйлер Әлиев есімді ер адамды жер үйде бұғауда ұстап отырған. Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері тұтқында болған азаматты босатып, қылмыстық операцияны сәтті аяқтады.
«Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Барлығы Алматы қаласынан басқа өңірлерден келген азаматтар болып шықты. Нақты қандай себеппен осы кісінің ұрланғаны туралы әлі беймәлім. Өйткені осы күндер ішінде олар ұрланған азаматтың туған-туысқандарына ешқандай талап қойған жоқ. Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 125 бабының 2 тармағы бойынша іс қозғалып, күдікті азаматтар қамауға алынып, осы аталмыш сұрақтарға жауап беретін болады», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қазір күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамалды. Олар кемінде 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Еске салсақ, ер азаматтың жоғалғаны туралы ақпарат полицейлерге өткен бейсенбі күні түскен.