Қаскелең перзентханасында шетінеген қыздың өліміне қатысты тексеріс тағайындалды

Қаскелең перзентханасында шетінеген қыздың өліміне қатысты тексеріс тағайындалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаскелең перзентханасында шетінеп кеткен үшемнің кенжесі Раянаның өліміне қатысты кешенді тексеріс тағайындалды. Осыған орай перзентхананың барша дәрігерлерінен жауап алынып, олар қатаң тексерілетін болады. Себебі бұл істің ақ-қарасын анықтауға енді Алматы облысының прокуратурасы кірісті. Құзырлы мекеме сәбилерінен айырылған Ысқақовтар отбасының шағымынан соң, қылмыстық істі қайта қозғады. Облыстық прокуратура Раянаның өлімінің себебін мықтап зерттеуді бастаған. Сәбидің ата-анасына жіберген хатта ай-күні жетпей туған шақалаққа дәрігерлердің немқұрайлы қарағаны жазылыпты. Ақ халаттылар 7 айлық балаға қабылдауы тиіс сурфактант дәрісін бермеген көрінеді. Соның кесірінен, Раянаның тыныс алуы қиындаған. Ал, бұл істі жүргізген тергеуші Есмағамбетов жәбірленушілерді қылмыстық істің жүргізілу барысымен мүлде таныстырмаған. Одан қалды, кішкентай Раянаның неден шетінегенін айғақтайтын сот-медициналық сараптаманың нәтижесін көрсетпестен, істі жауып тастаған.

«Мен Өтініш дайындап, ІІД-не жібердім. Сараптама заңсыз, қайтадан кешенді экспертиза тағайындасын деп. Өйткені, бірінші сараптамамен мен таныспадым. Оның үстіне ол қалай өткенін де білмеймін мен. Енді осы кешенді сараптамада өзім мен өтініш жазып жатырмын ІІД-не өзім қатысу үшін. Түгелдей сараптамаға қатысып, қорытындымен танысу үшін», - деді облыс тұрғыны Қайрат ЫСҚАҚОВ.

Кешенді сараптама кезінде Қаскелеңдегі перзентхананың барша қызметкерлерінен жауап алынады. Ал, бұған дейін Раянаның өлімінің себебін анықтамай жатып, 1 ай өтпестен істі жауып тынған полицейлерге де жаза қолданылады. Облыстық прокуратура тергеуші Есмағамбетов пен Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасы басшысының орынбасарына тәртіптік жаза қолдануды тапсырған. Сондай-ақ үшемнің екінші сыңары Аянаның соқыр болу себебін анықтауды басқа тергеушінің қолына беруді қадап айтқан.

«Екінші қызымыздың да ісі Есмағамбетовке берілген. Біз берілмесін деп алдында облыстық прокуратураға шағым жазып кеткенбіз. Тағы да іс екінші мәрті Есмағамбетовке берілген болатын. Енді қазір Есмағамбетов қарап жатқан жоқ. Оның орнына қазір Ернұр деген тергеуші қарайын деп жатыр. Хабарласып айтты», - деді облыс тұрғыны Айгүл ЫСҚАҚОВА.


Новости партнеров