Алматыда тағы бір ғимарат ажарлана түсті. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Вознесен шіркеуінің сыртына жарық шамдар орнатылды. Қала үшін маңызды оқиғаға шіркеу өкілдері мен шаһар басшысы Бауыржан Байбек қатысты.
«Мен бейбітшілік пен келісім үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқан билік басындағыларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Осындай безендіру жасау арқылы сіздер сүйікті қаламыздың ажарын аша түстіңіздер. Бұл ғимаратты жарықтандыруға үлесін қосып, осында қатысып отырған барша азаматтарға рахметімді айтамын»,- деді Астана және Қазақстан пірәдары, Александр.
«Шіркеу 1907 жылы салынды. 110 жылдық тарихы бар бұл ғимарат, ең алдымен рухани мұра. Мұнда сиынуға келген әрбір адам өз энергиясымен, өз мейірімділігімен ғимаратты жарықтандырады. Біз үшін әрбір тарихи, оның ішінде осындай рухани нысанның жарықтанғаны өте маңызды»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Вознесен шіркеуін жарықтандыруға алматылық кәсіпкерлер мұрындық болған. Бизнесмендер қала нысандарын көріктендіруге осылай үлес қосуды ұйғарыпты. Шіркеуді жарықтандыруға екі жүзден астам шам қолданылды. Айта кетейік, Вознесен шіркеуі Алматының ең көрікті, құнды ғимараттарының бірі әрі әлем бойынша ағаштан жасалған ең биік шіркеу. Нысанның беріктігі сонша, ол тіпті 1910 жылы болған жойқын жер сілкінісіне де төтеп берген. Кеңес үкіметі кезінде шіркеуде мұражай орналасқан. Ал 1994 жылы 1-ші мамырда Нұрсұлтан Назарбаев ғимаратты православтарға шіркеу ретінде пайдалануға беруді тапсырды.