Алматылық студенттер мен оқытушылар қауымы қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуін қолдайды. Өйткені, техникалық мамандарды даярлайтын оқу орны бағдарлама тілінің латын әрпімен белгіленетінін айтады. Бұл шешім қазақ халқын мәдени, экономикалық тұрғыда да өсіреді дейді жастар. Тек латын әліпбиінің әбден жетілдірілген нұсқасы қабылданса дейді. Өйткені, үндестік заңына бағынатын қазақ тілінің қаймағы бұзылмағанын қалайды.
«Біздің Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі негізгі базасы бағдарламалау техниктерін дайындау, бағдарламашыларды дайындау болғандықтан бұл мамандықтың негізгі жұмысы осы латын қарпінде жазылатын әліпбиге тікелей қатысты. Өйткені, бағдарламалау тілдерінің барлығы латын әрпімен белгіленеді. Сондықтан, біздің болашақ мамандардың да жұмысын жеңілдетеді деп ойлаймын»,- деді Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, Қапиза ТОРТАЕВА.
Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуын жылдамдатады. Оған қоса, өзге мемлекеттермен байланысты нығайта түседі. Қаламыздағы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі студенттері де осы тақырыпты сөз етті. Басқосуда қатысушылар әліпбидің лингвистер ұсынған екінші нұсқасы әлдеқайда ұғынықты әрі жинақы деген пікірлерін айтты.