Алматының Жетісу ауданындағы Черновицкая көшесінде жарық жоқ

Алматының Жетісу ауданындағы Черновицкая көшесінде жарық жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Алматы" арнасы Жаңалықтар қызметінде уатсап нөмірі бар екенін естеріңізге салайын. "Уатсап" мессенджерінің нөмірі экранда көрсетулі. Жеткізер хабарыңыз болса, тікелей бізге жолдай аласыз. Ал дәл осы желі арқылы Жетісу ауданының тұрғындары редакциямызға хабарласып, бұйымтайларын жеткізді. Бір жылға жуық уақыт бойы көшеде жарық жоқ екен. Мәселенің мән-жайын әріптесім Нұрсұлтан Біләл жеткізеді. 

Жетісу ауданындағы Черновицкая көшесінде 100-ден астам үй бар. Тұрғындардың айтуы бойынша «8 айдан бері күн батса болды, көше қараңғы түнекке айналады» дейді. Бұл мәселе жарық бағаналары ауыстырылғаннан кейін пайда болған. Су жаңа энергия үнемдейтін шамдар, ағаштың орнына ауыстырылған бетон бағаналар. Тіпті сым желісі де жаңа. Бір қарағанда көшені жарықтандыру проблемасы болмау керек. Тұрғындар да жаңарған құрылғы неге жұмыс істемейтінін әлі түсіне алмай жүр.

«Бұған дейін біздің көше үздіксіз жарықпен қамтамасыз етілетін. Өткен жылы барлық жарық бағаналары жаңартылды. Міне осыдан кейін, көшеміз жарықсыз қалды. Мұны қалай түсінуге болады. Барлығы жап-жаңа бірақ жұмыс істемейді»,- деді Зейнеткер, Владимир ШАПОШНИКОВ. 

Қыс мезгілінде ата-ана тиіп тұрған мектепке балаларын жетектеп алып баруға мәжбүр. Дала баласын көшеге жіберу де қауіпті дейді тұрғындар. Оқушылар болса, қараңғыда жүру қауіпті екенің айтады.

«Мектептен келе жатқанда жарық болмайды. Анау жақта жаман адамдар жүреді. Сондықтан біз қорқып өтеміз»,-деді Оқушы, Темірлан АМАНТАЙ. 

Черновицкая көшесінің тұрғындары арызданбаған жер қалмаған. Жазған хаттарына да мардымды жауап ала алмапты. Соңғы үмітті біздің арнаға артып, редакциямызға хабарласқан олардың бұйымтайын тиісті мекемелерге жеткіздік. Шенділердің сендірулері бойынша бір апта ішінде көшеге жарық беріледі. 

«Черновицкий көшесінде, сол ықшам ауданында АЖК өздерінің столбтарын модернизациясын жасады. Сол кезде біздің шамдарды алып тастап, өшіріп тастаған. Бірақ 16-шы жылы спонсорлар болып, спонсорлар оны өздеріне алып, бүкіл жаңа лед лампаларды қойып және тоқтарын қосатын болған. Бірақ, мүмкін қаражат мүмкін басқа себептермен олар жұмысын соңына дейін жасаған жоқ. Қазір өзіміз бір спонсорлармен сөйлесіп. Осы бір жетінің ішінде осы жұмыстар бітеді»,- деді ШЖҚ "Алматы Қала Жарық" МКК бас инженері, Алмат ӘМІРЕШОВ.  

8 айға созылған көшені жарықтандыру жыры бір жетіде шешімін табуы керек. Көбіне шыдаған Тұрғындар енді азына да шыдаймыз деген пікірде.

Нұрсұлтан Біләл, Владислав Шишков, Алматы телеарнасы



Новости партнеров