Алматының оңтүстігіндегі тұрғындардың үштен бірі жарықсыз қалуы мүмкін. Өйткені «Горный гигант» электр стансасының қазіргі халі мүшкіл күйде. Бірнеше гектар аумақты алып жатқан станса маңы қар мен жаңбыр суының салдарынан мүжіліп, апаттық жағдайға жеткен. Сондықтан электр орталығы жақын арада сүрілмек.
2 гектар аумақты алып жатқан «Горный гигант» электр стансасына шамамен 40 жыл болған. Жарты ғасырға жуық уақыт болған станса қазір апатты жағдайда тұр. Ауа райының әсерінен, маңы қар мен жаңбырдан мүжіліп, апаттық жағдай туғызып отырған көрінеді. Осының әсерінен тұтынушылардың үштен бірі жарықсыз қалуы бек мүмкін. Бірақ мамандар оның балама шешімін таптық дейді. Ерменсай электр станциясына қосымша құрылғы сатып алыпты. Ол жүктемені 30 пайызға дейін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Жаңа құрылғы «Горный гигант» стансасының жүктемесін жаңа электр орталығына ауыстыру үшін орнатылды. Өйткені ол стансадағы кабель жүйелері толықтай тозып, өзінің уақытын өтеді десек болады. Оның үстіне онда көшкін жүру қаупі төніп тұр. Салдарынан қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұтынушылардың көбі электр қуатынсыз қалуы мүмкін. Ол шамамен 30 пайыз. Сол себепті ол қауіптің алдын алу үшін, жүктемені азайту мақсатында Ерменсайдағы жаңа құрылғыға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр»,-деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ жөндеу жұмыстары бойынша басқарушы директоры Жандос СЕРІКБАЕВ.
Бұл аппараттың ерекшелігі көп дейді мамандар. Біріншіден, бірнеше шаршы метр аумақты алады. Екіншіден, бүкіл функциялар автоматты түрде осы құрылғыда жасалады.
«Біз автотронсформатор АТ-1, АТ-2-дан 110 мың Вольт қабылдап алып, осы құрылғы арқылы кабельмен қалаға, басқа подстанцияларға, потребительдерге осы жерден тарайды. Құрылғының ішінде өшіріліп, қосылып, ажыратқыштардың бәрі осы кешеннің ішінде. Бұрынғы ескі подстанциялар болса бірнеше жерді алып жататын еді, мұнда бәрі шағын ғана осы комлектінің ішінде. Осында жұмыс жасаймыз», -деді станса басшысы Асқар БОРАНБАЕВ.
Айта кету керек, бұл шара Алматы қаласын дамытушы 50 драйвер жобалардың тізіміне кіреді. Қазір «Горный гиганттағы» стансаның жүктемесін жаңа құрылғыға ауыстыру шаралары жүргізіліп жатыр. Ерменсайда тамыз айынан бастап, электрді жаңа құрылғы таратқан бойда, «Горный гигант» стансасы сүрілетін болады.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, Алматы телеарнасы.