Алматының шалғай аудандарындағы жол азабын тартқан тұрғындардың жан айқайы шешіледі

Алматының шалғай аудандарындағы жол азабын тартқан тұрғындардың жан айқайы шешіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының шалғай аудандарында бірнеше жылдан бері жол азабын тартқан тұрғындардың жан айқайы шешіледі. Күзге дейін Қалқаман, «Алты-Алаш» және «Ақбұлақ» ықшамаудандарында бұрын-соңды жөндеу көрмеген көшелерге тас жол төселмек. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қала көшелерін жөндеу жұмыстары жайлы әрі салынатын жолайрықтар туралы кезекті көшпелі жиын өткізді. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

10 жылдан бері ешбір жөндеу көрмей, жұрттың берекесін қашырған Абдуллиндер көшесіне биыл орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша Бөгенбай батыр мен Мақатаев көшесі аралығындағы ұзындығы 1 шақырымнан асатын аумақты тақтайдай тегістеу көзделуде.  Жұмысшылар осы аралықтағы ойдым орындарды тегістеп, орнына су жаңа асфальт төсеуге сәуір айында кіріскен болатын. Қазір аяқталуға шақ.

«Ол көшенің бойында бордюрлар болмаған. Машиналарды жолдың шетіне қалай болса, солай қоятын болған. Қазір бордюрмен жасадық»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.

Жоғарғы бөлігі тақтайдай тегістеліп, тас жол  төселген көшенің сапасын қала басшысы арнайы тексеріп келді. Жұмысшылардың кей аумақта салғырттық танытып, жолды сапасыз жасағанын әкімнің көзі шалды. Ал, мына тұрғын үй кешеніндегілердің жер телімін қоршап алып, тұрғындар жүретін ұлтарақтай жол қалдырмағаны шаһар басшысының шамына тиді. Бауыржан Байбек жауаптыларға тез арада қоршауларды сүріп, жүргіншілер жолын ашуды тапсырды.

Қала әкімі көше бойларын жүргіншілер жолын жасап, жол үсітне жолақ сызу қажеттігін қадап айтты. Биыл Алматыда 102 жүргіншілер өткелін қайта жөндеу көзделсе, бағдаршам арқылы реттелетін 10-ын салу жоспарланған. Олардың барлығы  жарықпен қамтамасыз етіліп, арнайы қоршаумен қоршалатын болады. 

Шаһар басшысы бұдан кейін биыл Алматыда тас жол төселетін аумақтардың жұмыс қарқынымен танысты. Мердігерлер өздерінің атқарып жатқан шаруаларын түгендеп шықты. Олар жол азабын тартқан Наурызбай ауданындағы "Алтын-Алаш" пен "Қалқаман" ықшамауданындағы жұрттың жан айқайы осы күзге дейін шешіліп, 33 көше тегістеледі деп сендірді. Ал, жолды жөндеуге жең түре кіріскен бұл жұмысшылар «Ақбұлақ» ықшамауданындағы 14 көшені жаппай тегістеп жатыр. Қалаға қосылған 8 жыл ішінде, мүлдем жөндеу көрмеген 8 шақырым жолға асфальт төселмек.

"Жауаптылар мұндағы 6 негізгі көшені толықтай жөндеуден өткізбек. Яғни, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар мен арық жүйесін де салуды жоспарлап отыр. Соның арқасында жұртқа да жайлы болмақ",- деді Тілші, Айдана МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ.

"Бұл жерде бұрын-соңды асфальт болмағандықтан жөндеу қиынға соғып жатыр. Дегенмен, күзге дейін барлық жұмысты аяқтаймыз деген ойдамыз. Сондай-ақ, "Алғабас" ықшамауданындағы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын 7 көшені тегістеу де бізге тапсырылды. Біз жолды жасап біткесін 5 жылға дейін кепіл боламыз. Егер, ойылып тозығы жетсе, бірден қалыпқа келтіріп береміз»,- деді Мердігер компания директоры, Михаил ГРАЧЁВ.

Бұдан бөлек қала әкімі биыл қалада құрылысы басталған 3 жолайрықтың жұмыс барысымен танысты. Маңызды магистральдар Емцов-Рысқұлов, Сейфуллин-Жансүгіров көшелерінде, сондай-ақ кептеліс көп орын алатын Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында салынады.  Мердігерлер аталмыш аумақтарда құрылысты бастағанын, тілге тиек етті. Әрі, жолайрықтарды 2019 жылға дейін аяқтайтынын айтты. Бұл өз кезегінде қала көшелеріндегі кептелісті 30 пайызға сейілтпек. Бауыржан Байбек жауаптыларға құрылысты мерзімінен кешіктірмей, бастысы сапалы атқаруды қатаң тапсырды.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров