Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысын сынға алды

Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысын сынға алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін мемлекет басшысы бірінші жартыжылдыққа есеп беруге келген Бақытжан Сағынтаевты сынға алды.

Президент еліміздің барлық тұрғыдан даму көрсеткіштері артқанына қарамастан, мемлекеттік бағдарламалар толықтай қамтылмай келеді деді. Әсіресе, бекітілген бағдарламалардың өңірлерге жетпей жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі халықтың қалтасын тесетінін айтты. Оған қоса, университеттердегі оқу ақысы мен берген біліміне дүйім жұрттың көңілдері толмайтындығын премьер-министрдің бетіне басты.  

«Өсу бар. Аралап жүрмін облыстарды. Жалпы, халықтың әл-ауқаты, көңіл-күйі жаман емес. Дегенмен, істеп жатқан шаруалар мен бекіткен бағдарламалар жергілікті жерлерге жетпейді. Бізде барлық бағдарламалар бар. Халық «неге президенттің айтқан нәрселері жетпейді, коммуналдық қызметтер бағасы өсіп барады?» деп сұрайды. Медициналық тексерулер әлсіз жүргізілуде. Жоғары оқу орындарындағы мұғалімдердің деңгейі төмен», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кездесуде президент премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа ел экономикасын арттыратын шағын және орта бизнесті дамытуды міндеттеді. Сонымен қатар, «Бес әлеуметтік бастаманы» сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы өңірлерде жол салу мәселесін де назардан тыс қалдырмау керектігін қадап айтты. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламаларды шенеуніктер сапалы орындап, жүзеге асырылуын Үкімет басшысына мұқият бақылауды тапсырды.

Новости партнеров