Үш күннен кейін Елорда қоғамдық көліктерінде сараланған тариф енгізіледі.
Жол ақысы өседі дегеннен бастап қала тұрғындары автобустың электронды картасын алуға асықты. Сондықтан «Жеңіл рельсті көлік» компаниясының кассалары алдында кезек көп. Ал көшеде орналасқан арнайы карта сататын терминалдар тұтынушы көптігінен істен шығуда. Қалада автобуспен жүріп үйренген астаналықтар жаңашылдықпен бірге, қандай ыңғайсыздыққа тап болды?
Астанадағы «Жеңіл рельсті көлік» компаниясы кассаларында соңғы кезде адам легі көп. Барлығы қоғамдық көлік картасын алуға асық. Барлығы да бір ауыздан ұзын-сонар кезекке наразы.
«Менің алдымда 100 адам бар екен. Денсаулығым жоқ, аяғым ауырады. Жасым болса 76 -да. 100 адам бар алдымда. Оған дейін де көп болды. Кішкене көмектесіп, біздерге қарамай ма?!», – деп күйінеді қала тұрғыны Жақсыбала АЛДОҢҒАРОВА.
Электронды картаны сататын және тарататын компания өкілі жол ақысының қымбаттайтыны әлдеқашан белгілі болғанымен, оны алуға адамдар асықпады дейді. Осы уақытқа дейін дайын дүниені алмағандар енді соңы жоқ кезекте сағаттап күтуге мәжбүр. Күткендерді құр қол қайтармау үшін жұыс уақыты да созылған.
«Карточкалар бізде 2016 жылдан бастап берілуде. 2,5 жылдан бері көп зейнеткер әлі алмаған да. Қазіргі күнде 6 мыңдай дайын карта бар. Зейнеткерлер әлі күнге дейін сол карточкалаға келіп жатыр. Уақытында аламайды. Біз қазір күніне 800-900 адам қабылдаймыз», – деп жауап берді «АСтана ЛРТ» компаниясының департамент директоры Бақытжан ҚАРАШИНА.
Қала тұрғындарының карта алу үшін жазды күнгі қапырық нысандарда кезек күтпеуіне де болады. Көшелерде арнайы 30 терминал қойылған. Сараланған тариф енгізілгеннен кейін, көлікпен қатынау ережесі де өзгереді. «Қалалық», «экспресс», «қала маңы» деген бағыттар біріктіріледі. Естеріңізде болса, тұрғындар аталған 3 бағытқа жеке-жеке төлеуге тиіс болған.
«16 -шілдеден алып тастап, балығына бірдей «көліктік әмиян» дегенді енгізіп отырмыз. Онымен сіз керекті ақшаңызға саласыз, ол ақша ұялы телефонның балансы ретінде өзіңізге керекті соманы қоғамдық көлікте төлеп отыруға мүмкіндік береді», – дейді «АСтана ЛРТ» компаниясының департамент басқарушысы Дәурен НҰРАЛИ.
Терминалдардан бөлек, енді картаны кондукторлар де автобус ішінде сататын болады. «АСтана ЛРТ» мамандары бүгін екі сағаттың ішінде карталардың 3 мың данасы сатылды дейді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы