Алматы мен Талдықорған тас жолының бойында «Жаңа Арна» деген елді мекенге қарасты «9-шы бөлімше» деп аталатын ауыл бар. Әлеуметтік нысандары мен ауыз су жайы өз алдына бөлек әңгіме. Ең қиыны тұрғындар Алматы облысының қай ауданына қарайтындарын білмейді. Құжаттарын әзірлеу үшін Іле ауданына барса, Талғар ауданына жөнелтеді. Талғарлықтар Ілеге кері қайтарады. Енді ауыл азаматтары әрі-сәрі күйде қалып отыр.
Лиза Жидебаева Жаңа арна елді мекеніне қарасты 9-шы бөлімшенің тұрғыны. Осы күнге дейін бірінші топтағы мүгедек ұлын қай жерге апарып қарататынын білмейді. Өйткені құжат бойынша ол Іле ауданында тіркелген. Бірақ ондағы невропотлогтар қабылдамайды. Сал ауруына шалдыққан Данияр жақында 25 жасқа толады. Анасының перзентін көтеріп жүруге де шамасы жоқ.
«Іле ауданына барсам сендер Талғарға барыңдар, Талғар жасайды дейді. Егер құжаттың бәрі Іле ауданы болса мен қалай Талғардан өтемін? Енді менің сұрайтыным осы. Баламды қай жерден емделемін соны да білмеймін. Невропотлогқа қалай қаралатынымды. Талғардың невропотолгына баланы көтеріп бара алмаймын», - деді Жаңа Арна ауылының тұрғыны Лиза ЖИДЕБАЕВА.
Бүгінгі таңда бұл шағын ауылда 330 тұрғын бар. Алпыс шақты шаңырақ ауыз суға да жарымай отыр. Өйткені қыстың күні қатып қалатын жалғыз мына суағардың айналасына от жағып, мұзын жібіту үшін бір-екі сағат уақыт керек.
«Ауылымызда не жұмыс орны жоқ. Не мектеп жоқ. Не медпункт жоқ. Ауырсақ жатамыз илленіп, дәрі-дәрмекті қашан бала-шағамыз алып бергенше. Жолымыз болса анау. Үстінен жүрсек кептеліп қаламыз. Үстінен аттасақ аттамай өлеміз. Не автобус жоқ ауылымызға келіп жатқан», - деді «Жаңа арна ауылының тұрғыны Күлжан МҰҚАНҚЫЗЫ.
Ал, көктем шыға батпаққа айналатын жолдарының түрі мынау. Ең жақын мектеп 8 шақырымдық жерде. Құжат мәселесі бойынша Іле аудандық әкімдігіне хабарласқанбыз. Олар бұл ауылдың Талғарға қарайтынын ескертті. Негізінен елді мекеннің жері Ілеге тиесілі екен. Ал тұрғындары Талғардың санатында болып шықты.
«Негізгі жері Іле ауданыныкы. Сондықтан ол кісілердің мәселесін білеміз. Кейбіреуі құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Оны рәсімдей алмай жатқан себебі оны Ілеге рәсімдеу керек. Қазіргі таңда біз аудан басшыларымен біріге отырып, құжаттарын жинап, мәслихаттың шешімімен Іле ауданына беруге жұмыс жасап жатырмыз», - деді Қайнар селолық округінің әкімі Жандос ЯСИНОВ.
Ауылдық округ әкімі мәселе биыл бірінші жартыжылдықта шешіледі деді. Яғни тоғызыншы ауыл толық Іле ауданының қарамағына өтеді. Оған дейін Талғар ауданы заңға сәйкес елді мекеннің әлеуметтік мәселелеріне қаражат бөле алмайды. Демек, әлеуметтік мәселелердің бел ортасында тұрған тұрғындарға тағы да күту керек сыңайлы.