ТЖД: Алматыда биыл су тасқыны болмайды

ТЖД: Алматыда биыл су тасқыны болмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл су тасқыны болмайды. Қалалық төтеншеліктер мұны сеніммен айтып отыр. Сөздерінше, апаттың алдын алу үшін қала бюджетінен 7 жарым млрд теңге бөлінген. Бұл – республика бойынша осы мақсатқа жұмсалатын қаржының  үштен бір бөлігі. Былтыр қалада 30 шақырымдық арық желісі жүргізіліп, Есентай, Кімасар және Жарбұлақ сынды өзендердің арнасы мықтап бекітіліпті. Сөйте тұра, қаланың төменгі бөлігін қызыл судың басып қалу қаупі бар екен. Әсіресе, Алатау және Наурызбай аудандарының қызметкерлері қызметтеріне қырағы болулары керек.

Алматыға биыл қар қалыпты жауды. Қалың деуге келмейді. Сондықтан төтеншеліктер селден алар секемнің жоқтығын айтады. Жұртты зәрезап қылған Қарғалы өзені былтыр күрделі жөндеуден өтіп, арнасы мықтап бекітілген. Тасыса да тас қамалдай берік. Оның үстіне, қалада 30 шақырым арық желісі жүргізіліп, 6 өзеннің көпірі қайта жасалған.    

«Биыл қалаға жауған қардың қалыңдығы белгіленген мөлшерден асқан жоқ. Ақпан айында ақ ұлпаның қалыңдығы 42, ал наурызда 76 миллиметр болады деп күтілуде. Сөйте тұра, біз апаттың алдын алу үшін тиісті шаралардың барлығын атқарып жатырмыз», - деді Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.

Апаттың алдын алу үшін қала билігі ақшадан аянған жоқ. Қазынадан 7 жарым млрд теңге бөлді. Бұл – республика бойынша осы мақсатқа жұмсалатын қаражаттың үштен бірі екен. Қомақты қаржыға қосымша арықтар салынады, гидротехникалық қондырғылар жаңартылады. Жаңа жарақтар алу да жоспарда бар.    

«Осы маусымда бізде 846-дан аса техника жұмылдырылды. Көше тазалау бойынша жұмысшылардың саны 3 мыңға жеткізілді. Қар шығаруға қосымша 100-ден аса техника тартылды», - деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Былтыр қалада 67 аумақты су басады деген қауіп болған екен. Бірақ жүйелі жасалған жұмыстың арқасында олардың тең жартысы қалыпқа келіп үлгерген. Қалғанында әлі де қатер бар. Айталық, Алатау мен Наурызбай аудандарының кейбір бөлігінде және қалаға кейіннен қосылған аумақтарда тасқын болуы бек мүмкін. Осыны ескерген төтеншеліктер қазір қауырт қызметке кіріскен.  

Апаттың айтып келмейтіні мәлім. Сақтық үшін қала билігі биыл тағы да суағарлардың санын көбейтуді көздеп отыр. Қазір 58 көшеде салынатын арықтардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді. Оның жалпы ұзындығы 42 шақырымға жуықтайтын болады.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров