«Зорлық көргені» мәлімделген 7 жасар балаға қатысты істі тергеумен енді арнайы прокурор шұғылданады. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ал Астанада жиын өткізген Балалар құқығы жөніндегі омбудсмен Зағипа Балиева тараптар толыққанды сенім білдіретіндей кешенді сараптама қайта жасалатынын мәлімдеді.
7 жасар немеремді зорлады деген әжейдің арыз-шағым жазғанына тура 2 айдың жүзі болғанымен, тоқ етер нүкте әлі де қойылмай келеді. Керісінше, мәселе одан әрі ушығып, сұрақтар саңырауқұлақша қаптап жатыр. Сұмдық жәйтқа араласқан баланың жақындарының сенімді адамы - Құрманғазы Мусир мәселенің ақ-қарасын анықтауға еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың тікелей араласуын өтінді.
«2018 жылдың 22 қаңтарында мен жазбаша түрде Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің басшысына, облыс прокурорына және әкімнің атына өтініш жаздым. Бірақ ешқандай жауап алмадым. Осылайша, менің және маған сенім білдірген баланың жақындарының конституциялық құқы тапталды. Сондықтан Бас прокурордан бұл мәселені тікелей өз бақылауына алуды сұраймын», - деді отбасының сенімді өкілі Құрманғазы МУСИР.
Құрманғазы Мусирдың таңертең ғана мәлімдеме жасағаны осы еді, еліміздің Бас прокуратурасы бұл мәселені түс ауа қолға алатындығын жариялады.
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша арнайы прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кішкентай тұрғынына қатысты зорлық әрекеттері туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өз өндірісіне қабылдады.
Істің фигуранттары жасөспірім болғандықтан, Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа деген құқықтарын сақтау қажеттігін ескертеміз.
Ал Астанада жиын өткізген балалар құқы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның айтуынша, 7 жасар жеткіншекке кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізу қажет. Омбудсменнің айтуынша, сараптама барынша шынайы және қайта тексерулерді қажет етпейтіндей болуы шарт. Бастысы барлық тараптардың оның шынайылығына сенім білдіруі маңызды.
«Кешенді, толыққанды бір сараптама жүргізу қажет. Оны қазіргі уақытта заңнамалық құқығына сәйкес тергеуші тағайындады. Сараптама екі тараптың да өкілдерін, жоғары білікті мамандарды тарта отырып, кешенді, толыққанды болуы тиіс», - деді ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа БАЛИЕВА.
Қалай болғанда да, мәселенің анық-қанығы екінші сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады. Бұған дейін жергілікті атқамінерлер эксперттік комиссиямен аудан мен облыста екі рет медициналық тексеріс жүргізіп, «бала зорланбады» деген байлам жасаған. Әйтсе де, бұл тексерістің шынайы болғандығына көптің сенімнен гөрі күдігі басым болды. Балаға айуандық жасағандардың қылмысы әшкереленсе, жауаптыларды жаппай жұмыстан босатып, қатаң сөгіс берген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа әлі де біраз лауазымдыны қызметінен шеттетуге, бәлкім қатаң жазалауға мәжбүр болар. Ал әліптің артын бағып отырған баланың жақындарына сабырлық танытудан басқа қолдан келер шара жоқ. Еске салайық, жеті жасар баланың басына түскен сорақы жайт туралы хабар республикалық ақпарат құралдарында өткен аптада ғана тарады. Сарыағаш ауданының тұрғыны өз немересі жоғарғы сынып оқушыларынан ұзақ уақыт бойында қорлық, тіпті зорлық көргенін мәлімдеді. Бірақ зор резонанс туғанша, жергілікті деңгейде іске ден қойылмаған.
Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы