Астанада соңғы бір жылда 30 хостел жабылып қалған. Дегенмен, туризм саласының тұралап қалғанын байқай тұра, қонақ үйлердің арзан баламасын ашатындар да баршылық.
Қазақстанға жыл сайын 5 миллионға жуық турист келеді. Оның тек 10 пайызы қонақ үйге орналасса, қалғаны хостелге жайғасады. Өмірінің бір бөлігін жалдамалы үйде өткіздендердің біреуі оны мақтайды, екіншісі даттайды.
«Мен көптеген қалаларда боламын. Бөлмеңде жападан-жалғыз қалатын қонақ үйден гөрі, осындай хостелді таңдаймын. Арзан, түрлі адамды кездестіресің, ыңғайлы қызмет түрі. Хостелде уақыт өте қызықты өтеді», - деді Зуфарулла БАБАЕВ.
«Хостелді ұнатпаймын. Бірақ бағасы арзан болған соң тұруға тура келеді. Бір күн паналаймын десең де, дұрысын табу керек. Менің осындай орындар да алтын зергерлі бұйымым, киімдерім ұрланды. Кейде сатып алған тамағыңды да алып кететін жайттар кездеседі», - деді Инга СЕЛЕЗНОВА.
Қалай болғанда да елімізде тың бизнес түрін қорықпай ашатындар баршылық. Мәулен Мүлікбаев солардың бірі. 40 - тан астам адамға арналған хостел қожайыны келушілердің қазіргі саны ЭКСПО өткен кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген - дейді.
«Көрме кезінде адам көптеп келетін. Сондықтан Астанада хостел саны күрт өсті. Қазіргі кезбен салыстырғанда, 50 пайызға артық еді. Бағасы да 3 есе қымбат болатын. Бізден 3 ай бұрын туристер жатын орындарын жалдап қоятын. Қазір ондай емес. Байқап жүрмін сапасы да, саны төмендеп кетті десем де болады», - деді хостел иесі Мәулен МҮЛІКБАЕВ.
Соңғы бір жылда елордада 30 хостел жұмысын тоқтатқан. Себеп түрлі, әрине. Бірақ жолаушылардың аздығынан кірістен гөрі шығынға батқандары көбейген.
«ЭКСПО көрмесі кезінде 95 хостел болса, қазір - 60. Турист саны күрт төмендегенде, арадағы 30-ның кейбірі жатақханаға айналды, жабылып та қалды. Меніңше, осы қызмет түрінің белгілі бір қағидасы болу керек. Астана қаласының әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігіне бұл мәселе бойынша сауал жолдады. Қазір қаралып жатыр», - деді туризм компаниясының өкілі Саят ҚҰСАЙЫНОВ.
Бұл құдды әуе кемесіндегіндегі үйшіктей капсула Астанада жаңа ашылған хостел типтес мейманхана. 3 шаршы метр ғана аумағы бар «қабыршық» іспеттес демалыс орны толық электронды. Есіктегі құлып чиппен ашылады, интернет пен бағалы затты сақтау үшін сейф те орнатылыпты.