Елімізде нанотехнология саласында мамандар саны артпақ

Елімізде нанотехнология саласында мамандар саны артпақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда техникалық мамандыққа сұраныс көбеюде. Оған білім саласында жүзеге асқан реформалар себеп. Бұл туралы елордада соғылған соңғы қоңырау кешінде Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, жастардың ғылымға деген қызығушылығы да артқан.

Соңғы қоңырау! Есте қалатын ең тәтті күндердің бірі. Бұрымға тағылған ақ бантик бүгіндері қызыл - көк түске боялған. Жүздеген оқушының ішінде оқ бойы озық «үздік тәлімгер» қатарына қосылып, жүректі мақтаныш кернеген сәтті сезіну №81 арнайы мектеп гимназиясының оқушылыларына да бұйырды. Ботагөз Мамыт соның бірі. Ата-ана жолын қуып, сәулет өнеріне ден қоюға шешім қабылдапты. Ойынша, құрылыс саласын дамытатын отандық мамандар қажет.

«Қазіргі таңда жалпы инженер саласы өте қарқынды дамып жатыр. Сол салада басқа мемлекеттерге қарап, өзіміздің елдегі құрылыс саласын дамытуға үлес қосуға және биік-биік әр түрлі ғимараттар салуға үлес қосқым келеді», - деді Астана қаласы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің түлегі Ботагөз МАМЫТ.

Оқушылармен сұхбат жүргізе келе, жоғары білімді сырт елде алуға талпыныстың жоғары екенін байқадық. Бірнеше жыл бұрын Елбасы қолдауымен ашылған № 81 «Astana english school» мектебінде әр пән тұтастай ағылшын тілінде жүргізіледі екен. Шет тілін жақсы дәрежеде меңгеріп шығатын түлектер жоғарғы оқу орнын Еуропа елдерінен таңдағылары келеді.

«Алдағы уақытта мен білім аламын. Бірақ әлі елді таңдаған жоқпын. Сол жерде мен халықаралық қатынасты таңдаймын және де Қазақстанға оралып, осы алған білімді қолданамын», - деді Астана қаласы № 81 «Astana english school» мектебінің 10-сынып оқушысы Бақтияр МАРАТҰЛЫ.

Аталмыш оқу ордасына Білім және ғылым вице-министрі Талғаш Ешенқұловта бас сұқты. Ресми мәлімет бойынша Астанадан 6356 түлек оқу бітіреді. Айта кетейік, биыл республика бойынша 147 мың түлек оқу бітірсе, былтыр 136 мың жеткіншек мектеп бітірген.

«Биыл мектепті 147 мыңнан астам түлек бітіріп жатыр. Оның 102 мыңға жуық бала Ұлттық бірыңғай тестке тапсырыс берді. Сонымен қатар, 7 мыңнан астам түлек  «алтын белгі», «төс белгісіне» бітіреді», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ.

Вице-министр Елбасы жолдауының «төртінші өнеркәсіптік революция» жағдайындағы даму бағытына  орай, бүгіндері мамандық таңдау бағыты да біраз өзгерді - дейді. Оған осы салаға бөлініп отырған грант көлемінің артуы себеп. Демек, жыл сайынғы  54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінген болатын. Оның 11 мыңы техникалық мамандыққа тиесілі. Алдағы уақытта елімізде  инженерлер, ақпараттық технология, робототехникасы, нанотехнология мамандарының саны артпақ.

«Соңғы жылдары мынау ІТ мамандықтары, техникалық мамандыққа сұраныс басым. Ғылымға деген қызығушылық - ол жастардың арасында үнемі болған. Ендігі біздің қазіргі мақсат  - сол жұмыстарды әрі қарай үйлестіру. Ғылыммен айналысатын жасқа қолдау көрсету және жағдай жасау», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ.

Шынында да білімді жастарды жоғалтпаудың амалы өз елімізде жағдай жасау. Жақында, тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ғылымдағы білікті мамандарды елге қайтару үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы алаң құруды тапсырған еді. Статистикаға көз жүгіртсек, бүгіннің өзінде орта есеппен шетелде білім алатындар саны 77 мыңға жуықтайды. Басым бөлігі Қазақстан азаматтығын сақтап келеді екен. Батыс Еуропа, көрші елдерге көз телміртудің басты себебі білімнің қол жетімділігінде.


Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров