Елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші өсіп келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші өсіп келеді. Шығыс Қазақстан облысында ана өлімі республикалық деңгейге қарағанда 53 пайызға жоғарлаған. Бұл ақпаратты  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. 2016-2019 жылдарға жоспарланған бағдарламаға тоқталған министр қатерлі ісікпен де күрес күшейтілу қажет, дейді. Әрі, облыс әкімдеріне осы бағытқа зер салуын сұрады.

Үкіметте өткен бүгінгі бас қосуда шенділер денсаулық сақтау саласын бүге-шүгесіне дейін талқылады. 2016 мен 2019 жылдарға жоспарланған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына тоқталған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ең алдымен ана мен баланың жағдайына ерекше назар аударды. Ведомство ұсынған мәліметке сай, Шығыс Қазақстан өңірінде ана өлімі республикалық деңгейден 53 пайызға, Қостанай облысында нәресте өлімі 31 пайызға ал, Павлодар облысында қатерлі ісіктен көз жұматындар саны 56 пайызға артқан.

«Құрметті облыс басшылары, осыған орай келесідей негізгі бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет. Біріншіден, скринингтер мен профилактикалық тексерістерді қарай. Екінші, жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және 1 жасқа дейінгі балаларды патронаж бойынша атқарылатын шараларды 100 пайызға жеткізу қажет», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Жиын барысында медициналық ұйымдарды жіті тексеру қолға алынатыны белгілі болды. Оған тегін дәрі-дәрмектің жұртқа жетпеуі себеп болған. Жыл басынан бері осы мәселеге қатысты азаматтардан келіп түскен шағым көлемі 600-ге жеткен. Осыған орай, ведомство кейдейсоқ түрде тұрғындарға хабарласып, мәліметті нақтылапты.

«Жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде олардың шамамен 20 пайызы дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Ал ақпараттық жүйеде бұл пациенттер препаратты алған деп тіркелген. Осының негізінде министрлік қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елдің барлық өңірлерінде медициналық ұйымдарда жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Нәтижелері бойынша проблемаларды жою, ал кейбір жағдайларда тәртіптік жаза қолдану бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады», -деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Осы тұста министрлер кабинетінің басшысы Бақытжан Сағынтаев тегін дәрі халыққа уақытылы қолжетімді болу керек екенін қатаң ескертті. Әрі, аталмыш мәселенің тікелей Елбасы назарында екенін баса айтты.

«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауда бөлу керек және де соңғы да айтылған Елбасының Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде электрондық денсаулық сақтау жүйесін енгізі арқылы медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетілігін арттыру бойынша берілген тапсырманы орындау жұмысын жүргізу керек», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Отырыста қаралған екінші мәселе ауыршаруашылығы саласына қатысты болды. Ведомствоның вице-министрі Арман Евниевтің сөзінше, көктемгі егін себу кезінде Алматы облысында дизельдік отын тапшылығы орын алуы ықтимал. Оған Энергетика министрлігінің ақпан және наурыз айларына қажетті көлемді шешпеуі басты себеп көрінеді.

«Ресурс ұстаушы «Petroprox» ЖШС тарапынан Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін дизель отынын жеткізу мәселесін Энергетика министрлігі шешкен жоқ. Ол 3,7 мың тонна. Аталған ресурс ұстаушы Энергетика министрлігі тарапынан биылғы жылы алғаш рет бекітіп беру кестесіне енгізілді және ақпан айы үшін отынның 1,9 мың тонна жеткізу міндеттемесін орындамады деуге болады», - деді ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Арман ЕВНИЕВ.

Мәліметке көз жүгіртсек, диқандардың көктемгі дала жұмыстарына 370 мың тонна дизель отыны қажет екен. Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарынан шығару бағасын литріне 130 теңге, тоннасын 156 мың теңгеден белгілепті. Бұл ретте операторлардың жеткізуі де ескеріледі. Яғни, өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрамақ.

 

Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров