Қазірге дейін еліміздегі тексерілген 75 ойын-сауық орталығының 72-і талапқа сай болмай шықты. Соңғы бір аптаның көлемінде анықталған кемшіліктер саны мыңнан асқан. Өрт қауіпсіздігіне салғырттық танытқан 72 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше тек үш нысан - Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы екі базар мен Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы сауда орталықтарының бірінде ғана ешқандай құқық бұзушылық анықталмапты.
«Өздеріңіз білетіндей, Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен ірі сауда нүктелеріне жаппай тексеру жүргізу басталды. Өткен дүйсенбі күні 207 тексеру басталса, бүгінгі күні ашылған тексерулер саны 308-ге жетті. Бір апта ішінде 75 нысан бойынша тексерулер аяқталды. Бұл 75 нысанның ішіндегі тек 3 нысанда ғана ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.