Генерал Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі ескерткіші бұрынғы тұғырына қайтарылатын болды

Генерал Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі ескерткіші бұрынғы тұғырына қайтарылатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Генерал Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі ескерткіші бұрынғы тұғырына қайтарылатын болды. Бұл іске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мұрындық болған. Генерал Рахымовтың ескерткіші 2010 жылдың соңына дейін Ташкенттегі Алмазар ауданы әкімдігінің алдында тұрған. Кейін сол кездегі президент Ислам Каримовтың бұйрығымен қазақ генералына орнатылған тас мүсін Ғафур Ғұлам атындағы саябаққа көшірілген. Бұрын Сабыр Рахымов атымен аталған ауданның да атауы өзгеріп, бұл шешім қоғамда түрлі пікірталасқа түрткі болған-ды. «Енді Шавкат Мирзиёев Кеңес одағы батырының бұрынғы ескерткішін 9 мамырға дейін қайта орнатуды тапсырды» деп, gazeta.uz порталы хабарлады. Айта кетейік, Сабыр Рахымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан анасы Өзбекстанға алып кеткен. Сол жақтан әскер қатарына алынып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде полк, дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққаны үшін  2 рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Рахымов Қызыл ту орденімен 4 рет, Ленин, ІІ дәрежелі Суворов ордендерімен марапатталған. Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген.


Новости партнеров